Баспанаға арналған бастама
Соңғы жылдары мемлекет тарапынан тұрғын үй құрылысына, жастарды жұмысқа орналастыруға, жаңа мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға көп көңіл бөлінген. Әсіресе, жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуде ауқымды шаралар қолға алынды. Соның бірі облыс әкімінің қолдауымен өмірге келген "Жас шаңырақ" өңірлік бағдарламасы жас отбасыларға тағы бір мүмкіндік сыйлағалы отыр. Бастаманы "Отбасы банк" АҚ басшылығы бірден қолдаған.– Бүгінгі кездесуіміздің басты мақсаты облысымыздың жастары үшін қолайлы жағдай жасап, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. Бағдарлама облыс әкімдігі мен "Отбасы банк" АҚ-ның бірлескен қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алуға жастарға несие беруді көздейді және 35 жасқа дейінгі сұранысқа ие салалардың жас мамандарына арналған. Биыл бұл пилоттық жоба Қостанай қаласының аумағында жүзеге асырылмақ. Бұған 700 млн теңге қажет болса, оның 350 млн теңгесі "Отбасы банк" АҚ қаражаты есебінен, қалған 350 млн теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінеді. Осылайша, жобаны іске асырудың алғашқы жылында 50-ге жуық өтініш беруші тұрғын үй ала алады. Алдағы уақытта біз бағдарламаны кеңейтіп, оны бүкіл облыс бойынша жүзеге асыратын боламыз,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов екі жақты меморандумға қол қою рәсімі барысында.Бағдарлама талаптары барынша қарапайым. Мәселен, үміткерлер Қостанай қаласында кемінде екі жыл үздіксіз тұрақты тіркеуде тұруы қажет. Денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, әлеуметтік қызметтер саласында кемінде бір жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Сондай-ақ, отбасының бір мүшесіне шаққанда соңғы алты айдағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс Ол биыл зейнетақы аударымдарын, жеке табыс салығын және өзге де міндетті аударымдарды шегергенде 216 108 теңгеге тең. Бағдарламаға ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Халықтың наразылығын тудырмау үшін қатысушыларды іріктеу балдық жүйе бойынша және тәуелсіз конкурстық комиссияның отырысында анықталады. Оның қорытындысы 35 жасқа дейінгі азаматтар ішінен бағдарламаға қатысушылардың тізімі түзіліп, "Отбасы банк"АҚ филиалына жіберіледі.Облыс басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы Қостанайда барлығы 450,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, ел игілігіне айналады. Бұл өткен жылдардың көрсеткіштерінен әлдеқайда көп. Сонымен қатар, үміткерлердің бұрынғы салынған үйлерден баспана сатып алуларына да мүмкіндік бар. Толығырақ "Қостанай таңы" газетінің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.