Қостанай астығы Қытайға экспортталмақ
Қытайға Қостанай ұнының бірінші партиясы жөнелтіледі, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" Қостанай облысының Кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап. Шілде ортасында Бейжіңде «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында өткен отандық өндірушілер жәрмеңкесінде қостанайлықтар жергілікті шығарылған тауарды таныстыруға және іскерлік әріптестер табуға мүмкіндік алды. Қазақстандық тараптан іскерлік миссияны ұйымдастырушы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы болды.
Жәрмеңкеге барлығы 13 отандық өндіруші, Қостанай облысынан «Қазторгтранс» ұн тарту кәсіпорны қатысты. Жәрмеңкеде қостанайлық өнімге бірден қытайлық үш кәсіпорын қызығушылық танытты.«Біз даму үстіндеміз және тиісінше жаңа сауда нарығын іздейміз. Қытай бағытына жол көктемде «Атамекеннің» қолдауымен ашылған. Ал жәрмеңкеде өзімізді толыққанды көрсете алдық. Қытайда ұнды белгілі бір квота алған компаниялар ғана шығара алады. Қалғандарынан алынатын салық мөлшері жоғары. Бұл жерде біздің мүддеміз сәйкес келді. Өнімімізді экспорттау ниеті туралы меморандумға қол қойдық», – деді «Қазторгтранс» ЖШС менеджері Вероника Деревянко.
Тамызда қостанайлықтар келісім жасаған қытайлық фирмалар ынтымақтастықты талқылау үшін облысқа келеді. Осылайша, ұнның бірінші партиясы биіл жөнелтіледі.
«Бұған дейін біз Өзбекстанға, Түрікменстанға, Ауғанстанға экспорттадық», – деді кәсіпкерлер.