Имамдар да футбол ойнады

Октябрь ауылындағы «Қарамырза» мешітінің ұйымдастыруымен Рухани келісім күніне орай имамдар және жамағаттар арасында шағын футболдан жарыс өткізілді. Аталған мешіттің имамы Серік қажы Салихтың бастамасымен өткен шараға облыс көлеміндегі қала және аудандардағы имандылық үйлерінің имамдарынан құралған «Жеңіс» командасы, Октябрь орта мектебінің «Алға» командасы және Октябрь ауылының құрама командасы қатысты.
Футбол 2Шараның басты мақсаты – бұқара халықты дене шынықтыру және спортпен шұғылдануға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту.
Жарыстың ашылу салтанатында еліміздің Әнұраны орындалып, салауатты өмір салтын мақсат тұтқан командаларға «Қарамырза» мешітінің имамы Серік қажы Салих сәттілік тіледі. Сондай-ақ күнделікті өмірде спортпен шұғылданудың маңыздылығына тоқталып өтті.
Жарыс өте тартысты өтті. Спорттық шараның алғашқы кездесуі «Жеңіс» және «Алға» командалары арасында өтті. «Жеңіс» командасын айқын басымдылықпен ұтқан «Алға» командасы Октябрь ауылының құрама командасымен өткізген ойында ойсырата ұтылды. Бұл жарыста қарсылас шыдатпаған Октябрь ауылының құрама командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды «Алға» командасы иемденсе, үшінші орынға «Жеңіс» командасы тұрақтады. Жеңімпаз, жүлдегер командаларға грамоталар мен медальдар табыс етілді. Сондай-ақ үздік ойыншылар деп танылған Азамат Мырзақанов («Жеңіс» командасының қорғаушысы), Денис Мұхаматянов (Октябрь ауылының құрама командасының капитаны), Сергей Пылыпивке («Алға» командасының қақпашысы) арнайы сыйлықтар мен грамоталар табысталды.
Футбол– Дін жолында жүрген біздер де спортпен шұғылданудың адам денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан да жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз, – дейді Серік Салих.
Айта кетейік, «Жеңіс» командасының құрамында облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Дархан Сыздықов, Қостанай аудандық Маңдай батыр мешітінің имамы Азамат Мырзақанов, Әулиекөл аудандық Әмит ишан мешітінің имамы Нұрбол Балахметов, Қарабалық аудандық «Ғашура ана» мешітінің имамы Төлеген Керімбаев, Лисаков қаласының имамы Серік Рахым, Октябрь ауылының «Қарамырза» мешітінің имамы Серік Салих сынды діндар азаматтар өнер көрсетті.
 
 
 
Әлібек Ыбырай

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓