Имандылық жолындағы жарыстар
Қостанай облыстық "Марал ишан " мешітінде шәкірттердің қасиетті Құранға деген құштарлығын ояту және білім деңгейлерін көтеру мақсатында жыл сайын Құранды жатқа және мәнерлеп оқудан жарыстар ұйымдастырылып келеді.
Жақында ғана өткізілген мұндай байқау облыстың аудандары мен қалаларында, кенттерінде қаншама болашағынан үміт күттіретін дарынды жастардың аз еместігін көрсетті.
Мәселен, Құранды жатқа оқуда бірінші, екінші және үшінші орындарды Қостанай қаласынан Дастан Ислам, арқалықтық Баубек Сыздықов және жітіқаралық Арыстан Мүсірепов иеленді. Бұлардың бәрі де тынымсыз ізденіс үстіндегі шәкірттер.
Сондай-ақ Құранды мәнерлеп оқудан бірінші, екінші және үшінші орындарды затоболдық Абылай Төлегенов пен Ғалия Бегалинова, қарабалықтық Ибраһим Арғынбай жеңіп алды.
Ерекше тоқтала кетер жай, биыл облыста азан айтудан жарыс алғаш рет өткізілді. Соған қарамастан оның нәтижесі көңіл қуантарлықтай болды.
Байқаудың бұл түрінен жүлделі бірінші орынды облыстық "Марал ишан" мешітінен Айбек Ғалым, екінші орынды Қашар мешітінен Марат Бейсембаев, үшінші орынды Қостанай қалалық мешітінен Еркебұлан Қошан иеленді.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Қостанай облысындағы өкіл имамы Асылхан қажы Түсіпбек барлық жүлдегерлерді жеңістерімен құттықтады. Оларға ақшалай сыйлық пен Алғыс хатты салтанатты түрде тапсырды.