ЕСІЛ ЕҢБЕК
Ақмола мен Қостанай фермерлері еккен егіннің 50 пайызын жоғалтудан қауіптенеді. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ведомствоның хабарлауынша, еліміздің үш облысы киіктен зардап шегіп отыр.
«Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес, негізгі зардап шеккен өңірлер – Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстары болып отыр. Бұл аймақтардың ішінде Ақмола мен Қостанай облысы себетін негізгі дақыл – бидай. Бүкіл дәнді дақылдардың 55 пайызы осы екі облыста өседі. Фермерлер еккен егінінің 50 пайызын жоғалтудан қауіптеніп отыр», – деп жауап берді министрліктен.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, Батыс Қазақстан облысында 6,7 мың, Қарағанды облысында 23,2 мың, Ақтөбе облысында 10,3 мың, Қостанай облысында 49,6 мың және Ақмола облысында 141,9 мың гектар, жалпы 261,7 мың гектар егістік алқабы киік тұяғының астында қалған. Демек, шаруалар бұл алқаптан өнім ала алмайды.
2021 жылы болған қуаңшылыққа қарамастан еліміздің фермерлері орта есеппен 1 гектар алқаптан 8,3 центнерден өнім алды. Ал 2020 жылғы астықтың орташа түсімі гектарына 12,3 центнерден айналған болатын. Биылғы түсімді орта есеппен гектарына 8,3 центнер деп алғанның өзінде диқандарымыз 217 мың тоннадан астам астықтан қағылуы мүмкін.