Әскери қызмет – бір үлкен мектеп

Қостанайдағы 6697 әскери бөлімінде «Жаңа Қазақстан – жаңа Ұлттық ұлан» онкүндігі өтті. Іс-шара аясында жауынгерлерге еліміздің құндылықтары жөнінде дәрістер оқылып, танымдық кештер ұйымдастырылды.
Жаңа Қазақстанның армиясы тек темірдей қатаң тәртіптің ортасы немесе қару ұстауды үйрететін құрылым емес, ол – елінің нағыз патриотын қалыптастырушы, жас сарбаздың қабілет-қарымын ашатын үлкен мектеп. Әскерилер осындай ұстанымда жұмыс істеп жатқанын айтады.
Онкүндік негізінен жас сарбаздарды әскери өмірге бейімдеуге, олардың талантын ашуға, қабілетін шыңдауға бағытталды.
Бөлімде жарты жыл сайын буын алмасып тұрады. Бір жылдық әскери борышын өтеуге кәмелетке енді ғана толғандармен қатар, оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүрген жігіттер де шақырылуда. Жақында Қостанайда әскери борышын өтеуге 180 сарбаз келді. Олар Алматы, Ақмола, Жамбыл облыстарынан, Нұр-Сұлтан қаласынан және өзіміздің Тобыл-Торғай өңірінен де бар. Жас жауынгерлер 30 шілде күні ант береді. Қазір жауынгерлік қызметтің негіздерін оқып жүр.
Әр взводтың Whatsapp мессенджерінде құрылған топтары бар. Ол жерде ата-аналар әртүрлі мәлімет алып, балаларының амандығын біліп отырады.
«Демалыс күндері жеке құраммен іс-шаралар өткізіп, талантты, қабілетті сарбаздарды анықтаймыз. Instagram желісінде «Сұрақ қою» кешін ұйымдастыра бастадық. Онда командирлер, әскери бөлім басқармалары ата-аналардың сұрақтарына жауап береді. Онкүндік аясында да осы сияқты әртүрлі іс-шаралар өткіздік. Мақсатымыз – әскери қызметті жас сарбаздар үшін барынша қызықты ету, осы салаға ынталандыру», – дейді 6697 әскери бөлімі командирінің тәрбие және әлеуметтік жұмыстар жөніндегі орынбасары Дулат Әбілмәжінов.
30 шілдеден кейін сарбаздар роталарға бөлінеді. Атқыштар, бейбіт мақсаттағы және қамтамасыз ету бөлімшелеріне жіберілмек. Іріктеу жауынгерлердің қабілеттеріне қарай жүргізіледі.
«Бөліністерге таратылғанннан кейін әскери қызметке енгізу басталады. Ол үш кезеңнен тұрады. Әуелі жас жауынгерге жеке құрамды, бөлімшесін, орындайтын мақсаттарын таныстырады. Құрметтеу кештері, қару беру іс-шаралары өткізіледі. Екінші, үшінші кезеңде әскери өмірдің қыр-сырына қанығады», – дейді Д.Әбілмәжінов.
Жас сарбаздардың қабілетін білу үшін әскери бөлімнің, басқа органдардың психологтары шақырылған. Үйінен алғаш рет жыраққа шыққан жауынгерлер болады, жантанушы мамандар соларға көмек беріп, өзіне деген сенімін оятады. Жас сарбаздар қиындықта мұқалмау үшін жігер береді.
Сардарлар мен келісім-шарт бойынша қызмет ететін әскерилер де әр сарбазға жауапты етіп бекітілген. Олар ата-аналармен сөйлесіп, жауынгерлермен сұхбат жүргізіп, осы салаға барынша бейімдеуге атсалысады.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓