Шешіледі. Өткел бермес өзен емес
Қалада шешімін күтіп тұрған маңызды жұмыстар баршылық. Соның бірі – су бұру жүйесін жетілдіру. Жыл сайын көктемдегі қар еру, жаздағы жауын-шашын кезеңдерінде көшелерді, жол өткелдерін су басып, жүргізушілер мен тұрғындарға ыңғайсыздық тудырып жүр. Осы жағдайға қатысты қала әкімдігіне арыз-шағымдар жиі түсіп тұрады.


Су бұру – тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық саласы үшін маңызды жұмыс. Қала әкімдігі оны әлеуметтік сала, құрылыс, инфрақұрылымды дамыту әрі күтіп ұстау, қаланы абаттандыру сияқты өзекті мәселелерімен қатар кезең-кезеңімен шешетінін айтып отыр.

«Құрметті Марат Қонысбайұлы, сіз келгелі қалада нөсер кәріздері жасала бастады. Бұл үлкен мәселемен, әсіресе көктемде, қар еріген кезде немесе қатты жаңбыр жауғанда бетпе-бет келеміз. Карбышев көшесі, 91 мекенжайында нөсер кәрізі болған еді. Ол бұрынғы «Форум» дүкенінің (қазір «Бақыт» медициналық орталығы) жанынан өткізілген. Ағын су Чкалов көшесін бойлай табиғи арнамен төмен қарай кететін. Кейін, ауысқан меншік иесі ТКШ бөлімі рұқсат берді деген желеумен кәрізді бітеп тастады. Қазіргі уақытта жаңбыр суы Карбышев көшесіндегі жол жамылғысын бұзып, жаяу жүргіншілер мен көліктерге кедергі келтіріп тұр», – депті ол. Әкім аталған мәселені назарға алатынын жазыпты.

Бұдан бөлек, Марат Жүндібаев жақында болған жауын-шашынның зардабы жөнінде де жариялады. Бірақ онда кәріздер мәселесі емес, табиғи құбылыстың зардабы жайында жазылды.
Еске сала кетейік, «Ikomek» ахуал орталығына сол күні 442 қоңырау келіп түскен, оның 271-не мамандар әртүрлі кеңес берді. Жүзге жуық ағаш бүлінген. Коммуналдық қызметтер ауа райының қолайсыздығынан келген зардапты тез арада жойды. Оған 3 мердігерлік ұйым, 55 бірлік техника және 180 адам жұмыс күшін жұмылдырды. Аумақтардан 360 текше метр қоқыс шығарылған. Тұрғындар арасында зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ.
«Зеленая көшесі, 25/1 А блогы көппәтерлі тұрғын үйдің 7 және 9 қабаттарында балкон қоршаулары зақымданды. Менің тапсырмам бойынша тиісті әкім орынбасары құрылыс бөлімінің басшысымен, қаланың бас сәулетшісімен бірлесіп, мердігер мен мамандарды тарта отырып, аталған нысанға тексеру жүргізді. Зақымдалған элементтер қалпына келтірілді, қазір қауіп жоқ. Тексеру нәтижелері бойынша мердігер 6-дан 9-қабатқа дейін балкон қоршауларынының кірпіш қатарларын күшейту туралы шешім қабылдады. Сондай-ақ, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына тұрғын үйлердің құрылыс нормаларына сәйкестігін тексеру туралы хат жолданды», – деп жазды әкім.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.