Торғайлық тұрғындарды қаңғыған иттердің көбеюі алаңдатып отыр

Қаңғыған  иттер жұрттың берекесін қашыра бастады. Аудан орталығының тұрғындары осы жөнінде жергілікті билік өкілдеріне шағым түсірді. Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұл полиция бөліміне ұсыныс жасап, заң жобасы аясында иесіз жануарларды аулау мәселесін талқылады. Мәселе шешімін тауып, қаңғыған иттерді жою жұмыстары жалғасатын болды. 
– Жангелдин ауданы көлемінде көшеде қараусыз жүрген ит көбейіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп туғызуда. Жангелдин ауданының ветеринария бөлімі мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы қаңғыған иттер мен мысықтарды аулайтын мердігерді анықтады. Жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы Қостанай облысы мәслихатының 2022 жылғы 17 қазандағы №233 шешіміне сай жұмыс жүргізіледі, – деді Торғай ауылының әкімі Кемеңгер Қарағұл.
Аталған шешім негізінде ит иелері өздерінің иттерін байлаулы не арнайы торда ұстауы қажет. Талаптар орындалмаған жағдайда ҚР ӘҚБтК-нің 407-2 бабымен әкімшілік жауаптылық көзделген. Сонымен қатар, иттің иесіне 60 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. 
– Осы мәселе жөнінде аудан тұрғындарына хабарлап, әлеуметтік желілерге таратып жатырмыз. Бұл – алдын ала ескерту. Айтылған талаптар орындалмаса шара қолданамыз, – дейді әкім.

Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ, 
Жанкелдин ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓