Жол апаты: фельдшер қаза тапты
Жолдағы қайғылы оқиға Арқалық-Торғай тас жолында болды. Жедел жәрдем "Нива Шевроле" маркалы көлігімен соқтығысып қалған. Апат салдарынан бір адам көз жұмған. Ауыр жараланған тағы бір жолаушы Амангелді ауданының ауруханасында жатыр. Оқиғаның қашан, қалай болғанын облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер айтып берді.
"Жол апаты 19 шілдеде сағат 22:30 кезінде болған. "Нива Шевроле" жүргізушісі қара жолмен келе жатып, тас жолға бүйірлей шыққан. Қозғалыстың қауіпсіздігіне көз жеткізбеуі салдарынан ол "УАЗ" автокөлігіне, яғни Жангелдин ауданы ауруханасының қызметтік машинасына соғылды. Салдарынан "УАЗ" ішіндегі фельдшер ауыр жараланып, ауруханада қаза тапты. Ал жедел жәрдем жүргізушісі көптеген жарақат алған", – дейді ПД баспасөз қызметі.
Сараптама нәтижесі "Нива Шевроле" көлігінің 32 жастағы жүргізушісі мас күйінде рөлге отырғанын анықтады. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.