“Нәтиженің” нәтижесіне қарайды
Осы жылдың мамыр айында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен Қостанай, Павлодар, Түркістан облыстарының әкімдіктерімен бірлескен "Нәтиже" мемлекеттік қызметтер алу және өтініш беру орталығы пилоттық жобасы іске қосылған еді.
фото: alau.kz
Жоба "бір терезе" қағидаты бойынша әзірленген. Азаматтардың өтініштерін қабылдауды, өтініш берушілердің сұрақтары бойынша консультациялар жүргізуді, мемлекеттік қызметтер көрсетуді бір алаңға шоғырландыруға арналған.
Қостанай облысы әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының мәлімдеуінше, жобаның арқасында өңірдің әрбір тұрғынының қызмет ресімдеу, өтініш тіркеу, өзін толғандырған мәселелер жөнінде мамандардың кеңесін алу, сондай-ақ әкімнің және жергілікті атқарушы органдардың бөлім басшыларының жеке қабылдауына жазылу мүмкіндігі бар.
Пилоттық жоба халыққа қызмет көрсету процесін азаматтар үшін әлдеқайда қолайлы әрі қолжетімді ету үшін әзірленді. Ол 2022 жылдың күзіне дейін үш өңірде сынақтан өткізілетін болады.
Азаматтар тарапынан жоба ыңғайлы әрі қолжетімді сервис ретінде танылған жағдайда 2022 жылдың күзінде барлық өңірлерге ауқымды енгізу кезеңі қолға алынатын болады.
Қостанай облысының тұрғындары мен қонақтары қызмет алу үшін мына мекенжайларға жүгіне алады:
1. Қостанай қаласының әкімдігі, Пушкин көшесі, 98, жұмыс уақыты: 9.00-18.30, түскі үзіліс: 13.00-14.30
2. Рудный қаласының Халыққа қызмет көрсету орталығы, Космонавтов көшесі, 12, жұмыс уақыты: сағат 9.00-20.00, түскі үзіліссіз.