Пайда табамын деп, 11 млн теңгесінен қағылды

Қостанай облысының тағы бір тұрғыны алаяқ арбауына түсті. Өзін "сарапшымын" деп таныстырған қаскүнем рудныйлық жұмыссыз әйелді биржа арқылы ақша табуға үгіттеп, ақырында қолдағы барынан айырған, деп хабарлайды Экспресс К.
Облыстық ПД қызметкерлерінің айтуынша, жапа шегуші қосымша пайда табу үшін әлдебір сайтқа кіріп, барлық реквизиттерін жазып қалдырған. Шамалы уақыттан соң онымен Андрей есімді біреу байланысқа шығады. Өзін сарапшы ретінде таныстырған ол, әйелдің бұл сайтты жаңылыспай тапқанына сендіреді. Айла әдеттегідей: жеке тұлға көрсетілген есепшотқа ақша аударады, ал "сарапшы" оның криптовалюта сатудан түскен қаржысын еселеп отырумен айналыспақшы.
"Рудный тұрғыны келісім беріп, телефонына күмәнді платформаның қосымшасын жүктеп алған. Алғашында 1 млн аударады. Әйел салған ақшасының көз алдында өсіп жатқанын көрген. Осыдан соң "биржаның" әбден құмарына енеді. Мамыр мен маусым аралығында өз қолымен 11 млн теңге салып жіберген", — дейді департаменттегілер.
Ақырында ақшасының "кірген ізі болғанымен, шығар жолының" жоқ екеніне көзі жетеді.
Андрей маған жоғары дивиденттер уәде етіп еді. Мен құдды бір гипнозда жүргендей болдым. Өмірде талай нәрсені көріп өскен едім, бірақ бұл жолы оңбай алдандым, -деп опық жейді әйел.
Қазір тәртіп сақшылары қажетті тергеу шараларын жүргізіп жатыр. Банктерге сұраулар жіберіліп, нәтижесінде сайттар, олар қолданған номерлер шет елдікі болып шықты. Олардың ешқайсысы Қазақстанда тіркелмеген екен.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓