Бағбанды өлтірген қылмыскерлер сотталды
Саяжай тұрғынын сарымсақ ұрладың деп өлтірген күзетші сегіз жылға бас бостандығынан айрылды. Ал оның серіктесі темір тордың арғы жағында екі жыл жазасын өтейді.Өткен жылы жасалған ауыр қылмысқа байланысты сот талқылауына нүкте қойылды.
Дяченок 2021 жылдың 25 қыркүйегінде серіктесі Мартыненко екеуі түнде сарымсағы ұрланған бағбанның шағымы бойынша таңертең күдіктіні іздеуге шыққан. Екі күзетші де ішімдік ішкен. Олар ұрлықты сол саяжайда тұратын 44 жастағы Кузовойдан көрген. Ол мойындамағандықтан, Дяченко оны өлгенше тепкінің астына алған. Мерт болған бағбанның басын қол арамен кесіп алып, пешке салып жіберген. Денесін Тобыл өзеніне батырып жіберіпті.
Ол соттағы соңғы сөзінде марқұмның анасынан тағы да кешірім сұрады. Бірақ бұл оның жазасын жеңілдеткен жоқ. Ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейтін болады. Мерзімі 2021 жылдың 4 қазанынан бастап есептеледі, – дейді облыстық соттың баспасөз қызметіндегілер.
Ал оның серіктесі Андрей Мартыненкоға ҚР ҚК 432-бабы (қылмысты жасыру) бойынша үкім шығарылды. Ол екі жылға бас бостандығынан айырылды.