«Сыршылдық пен суреткерлік Сырбайы!»

17 қыркүйекте  классик ақын, Қазақстанның халық жазушысы, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің туғанына 100 жыл толады. Осы мерейтойға орай Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық музейінде «Сыршылдық пен суреткерлік Сырбайы!» тақырыбында әдеби кеш өтті."Рухани жиынға Сыр-ағаның көзін көрген, қызметтес, жолдас болған ҚР Жазушылар Одағының Қостанай облыстық филиалының төрағасы, «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы Жанұзақ Аязбек, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Серікбай Оспанұлы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын, жазушы, публицист Ақылбек Шаяхмет сынды жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысы.
"Кеш барысында Жанұзақ Аязбек Сырбай Мәуленовтің журналистикадағы, оның ішінде бұрынғы «Большевиктік жол» қазіргі «Қостанай таңы» облыстық газетінде қызмет еткен жылдарындағы жарқын істеріне тоқталды."Облыста биыл айтулы даталар көп. Алаш көсемі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы, облыстық «Қостанай таңы» газетіне 100 жыл және жазушы, ақын, публицист, журналист Мұхамеджан Сералинге 150 жыл. Міне, осы мерейтойлар тізбегіне біз көзін көрген Сырбай Мәуленовтің 100 жылдық мерейтойы тұспа-тұс келіп отыр. Осы үш тұлға – журналистика саласында қажырлы қызмет еткен жандар. Сырбайдың өзге ақындардан ерекшелігі ешкімге ұқсамайтындығында еді. Өлеңдерін оқып отырғанда қолданған теңеулеріне таңдай қағасың. Көзі тірісінде-ақ классик атанған ақын. Журналистика саласына ойыссам, қазіргі таңда тың жатқан тақырып дер едім. Кезінде айтылса да Сырбай Мәуленовтің көсемсөз жанрындағы туындыларының зерттелуі кемшін. Әлі ешкім зер салып зерттемеген, терең бойламаған  ол бағытына. Жігерлі кісі болатын. Соғыстан ауыр жарақат алып, майданға жарамыз деп, кейін елге оралған соң облыстық газетке қызметке тұрып, бөлім меңгерушісі, бас редакторың орынбасары қызметін атқарды.1985 жылы біз Серікбай, Ақылбек үшеуіміз сапарлас болдық. Сонда Сыр-ағаның аузын бағумен болдық. Ол кісі есті, өнегелі, өрелі естелік әңгімелерді жақсы айтатын. Әзілге де өте жақын еді. Табан астынан өлеңмен қалжыңын төге салатын. Сырбайды насихаттап, жас ұрпаққа үлгі еткен Ыбырай музейіне алғыс айтамыз", – деді Жанұзақ Аязбек.
"Ақын, ҚР Жазушылар одағының мүшесі Дәулет Жадырасын Сырбай Мәуленовтің «Соғыстан қайтқан солдаттар» өлеңінің ізімен шығарған қаңтар оқиғасына арналған «Алаңнан қайтқан солдаттар» өлеңін жиналғандарға оқып берді."Сырбай ақынның жолдас, сырласы болған жандар – Серікбай Оспанұлы мен Ақылбек Шаяхмет. Бұл кісілерді шығармашылық байланыс қана емес, аға-інілік ізеттілік табыстырады. Серікбай Оспанұлы Сырбайдың қиын да қайшылықты өмір жолына тоқталып, өзінен кейінгі жас буын заманның түзелген шағында дүниеге келгеніне тәубе ету керек деген ой айтты."Ахаң мен Сырбайдың арасында ұқсастық өте көп. Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» деген газет шығарды. Сол газетте Ахаң жер, тіл жағдайын, басқа да  түйіткілді мәселелерді көтерді. Ал, Сырбай Ахаң шығарған тұстағы «Қазақ» газетін оқыды ма, оқыды ма, білмеймін, өйткені ол кезде көрсетпейтін еді газетті. Кейін зерттеп қарап отырсам, Сыр-аға газетте істеп жүрген уақытта тура Ахаңды қайталаған. Яғни, Ахаң сол заманда көтерген мәселені Сырбай да газет бетінде жариялаған. Сырбай Ахметке туыс. Ахаңның немере туысы Қалидың Әмір деген баласы бар, ал Әмірдің қызы Сырбайдың жары", – деді Серікбай Оспанұлы.
Ақылбек Қожаұлы Сырбай Мәуленовпен ағалы-інілі сыйласқан жандардың бірі. Қостанайда бірге өткерген дәуренін еске алып, ашыла сөз сөйледі. "Сыр-ағамен көптеген сапарда бірге болдық. Ол кезде біз жас болатынбыз. Енді, міне, Сыр-ағаның 100 жылдық мерейтойында естелік айтып тұрамын деп еш ойламаған екенмін. Мен Мәскеуде Әдебиет институтында оқып жүргенде Александр Мединский, Евгений Грушевский сынды ақындар Сыр-ағаның өлеңдерін білетін. Қасым Аманжоловтан кейінгі Сыр-ағаны қазақ поэзиясындағы ғажайып құбылыс деп айтуға болады. Сыр-аға қазақтың қара өлеңіне ерекше форма, екпін, тыныс әкелген еді. Сыр-ағамен жасаған әр сапарымыз, көріскен шағымыз жадымда тұр, менің үйіме қонақ та болды, бәрі көз алдымда", – дейді Ақылбек Шаяхмет.Кеш соңында Қостанай қаласындағы Сырбай Мәуленов атындағы №24 мектеп-гимназия оқушылары Сыр-ағаның өлеңдерін мәнерлеп оқыды.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
Ы.Алтынсаринің Қостанай облыстық
мемориалдық музейінің сектор меңгерушісі

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓