ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

Қостанайдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде түлектерге аттестат табыстау рәсімі өтті. Биылғы оқу жылында айтулы білім ошағын 84 түлек тәмәмдады. Соның жиырмасы Назарбаев Университетінен өзге шетелдік UIB, HKBU (Гонконг), Дрексел, МакДаниэль (АҚШ), Джейкобс (Германия), Падуа, Сапиенца, Болон, Ка Фоскари (Италия), Корвинус, Szeged және Debrecen (Венгрия) және тағы басқа білім ошақтарының гранттарын иемденген.
Түлектерді Қостанай облысы білім басқармасының басшысы Зәуре Байменова құттықтады:
– Ұстаздардың білім нәрімен сусындаған, халқымыздың ұлы мұрасын құнттайтын, кемел келешекке ұмтылып, нағыз патриот болып өскендеріңе кәміл сенемін. Қасиетті Қостанай жерінен көптеген танымал қоғам қайраткерлері шыққан. Олардың арасында ғалым және ақын Ахмет Байтұрсынов, ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин, сондай-ақ биыл 150 жасы атап өтілетін этнограф және тарихшы Шоқан Уәлиханов бар. Олардың әрқайсысы білім алған адам туған жерінің көркеюіне барынша үлес қосады деп сенді. Сіздерге әрдайым сәттілік, жолдарыңыз ашық болсын!
Сөз тізгінін алған мектеп директоры Думан Сапақов та түлектерді құттықтап, мектеп өміріне белсене араласып, ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып жүрген ата-аналарға алғысын білдірді. Ал ата-аналар атынан құттықтау сөзі 12 «С» сынып оқушысы Алина Мұхаметқалидың әкесі Қалқаман Жақыповқа берілді.
Мереке соңында еңбегі еленген ұстаздарға Қазақстан Республикасы Білім министрінің Алғыс хаты табыс етілді.
Қаракөз МАҚАТОВА,
ҚӨУ-дің 2 студенті.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓