Алаяқ арбауы: рудныйлық азамат 9 млн теңгесінен айрылды
Рудный қаласының криптовалютамен байығысы келген 37 жастағы тұрғыны 9 миллион теңгесінен қағылып, алаяқтар жемтігіне айналды.
Ол сайттардың бірінде сауда биржасында пайда табуға болатыны туралы хабарлама оқып, бағын сынап көруге шешім қабылдаған. Алайда бұл шешімі оған сан соқтырды.
«Ол сауда биржасы туралы жарнаманы көрген бойда қатысуға өтініш жіберген. Кейін компания өкілі онымен байланысқа шығады. Алаяқ пен жәбірленуші Skype және WhatsApp арқылы сөйлескен. Әңгімелесу барысында қаскүнемоған криптавалюта биржасы арқылы табысқа кенелуге болатынын айтқан», – дейді облыстық ПД баспасөз қызметіндегілер.
Алаяқтар оны сайтқа 70 мыңнан астам қаржы салуға үгіттейді. Осылайша ақшасының көбейе беретінін айтқан. Сайтта қаражатының үстемеленіп жатқанын көріп отырғандықтан, жәбірленуші алданып жатқанын сезбеген.
«Сауда нәтижесінде тапқан 15 мың долларын шешіп алу үшін сақтандыруға 1,7 млн теңге аударуы керек болған. Бірақ белгісіз себеппен сақтандыру сомасы өтпейді. Ол бұдан соң тағы екі рет төлем жасайды. Бірақ ақыры қолына бақыр тиын да алмаған», – дейді баспасөз қызметі мамандары.
Ол алданып қалғанын білген соң интернет арқылы ақшасын қайтарудың амалын іздейді. Жәбірленуші алаяқ-брокерлер қолды еткен ақшаны қайтарумен айналысатын заңгерлік компанияны тауып алады. Оған Эльджан есімді адам WhatsApp арқылы қоңырау шалып, тергеу жүргізгені туралы айтқан.
«Ақшасын алып беру үшін жәбірленушіге сауда биржасында жиналған қаржының 10 пайызын аударуды ұсынады. Кейін оны доллар валютасымен төлеуді сұрайды. Осылайша ол 1 млн теңгеден астам ақша аударған. Бұл жолы да оңбай алданып, кейін полицияға хабарласты», – дейді ПД баспасөз қызметі.