Тәгіл – егіздер ауылы

Сарыкөл ауданының Тәгіл ауылындағы бұл құбылыстың құпиясын әлі ешкім білмейді. Жергілікті тұрғындар мұны "Тәңір сыйы" деп түсінеді. Қазір ерекше қасиеті бар елді мекенде 28 егіз тұрып жатыр.
Тәгіл селолық округінің әкімі Сағынай Сүндеталиннің айтуынша, осы сыры жұмбақ құбылыс әр 20-25 жыл сайын қайталанып тұрады. Әрине, бұл аралықта да сирек те болса егіз балалар өмірге келіп жатады. Сосын, бір ғажабы, осы ауылдың байырғы тұрғындарын былай қойғанда, сырттан көшіп келген отбасылардың шаңырағында да бес-он жыл өткеннен кейін жұп бала дүниеге келе береді екен.
"Тұқымында егіз болмаған жанұялардың біздің ауылға келіп қос сәбиден сүйгенін көріп, таң қалғанымыз бар. Елді мекеннің табиғатының тылсым күші ме, жерден бе әлде ауа мен судан ба — себебін білмейміз. Негізі, ауылда егіздердің тууы кеңес үкіметі уақытынан бар. Мүмкін оған дейін де болған шығар", — дейді округке 25 жыл әкім болып отырған С.Сүндеталин.
Тарихи деректерге жүгінген ол егіздердің әсіресе 1955 жылдары көп туғанын алға тартады. Сол жылдары құрсақ көтерген әйелдердің барлығы бірдей екі баладан босанған көрінеді. Одан кейін табиғат-ана ұзақ жылға "үзіліс жасап", 1980 жылдары ғана ауыл келіншектері қайтадан өмірге қос-қостан нәресте әкеле бастаған. Бұдан кейін егіздердің тууы біртіндеп сирей келіп тоқтайды. Араға 20 жылдан астам уақыт салып, жаңа ғасырдың алғашқы онжылдығында осы құбылыс тағы қайталаныпты.
"Егіздердің ұлты да әртүрлі. Қазақ, орыс, украин, неміс, башқұрт, татар, әзірбайжандар бар. Бұл өзі Тәгілге Тәңірдің берген сыйы болып тұр. Кейде адамдар "егіздерді әкім шығарады" деп, мені қалжыңдарына қосып та жатады. Ал енді бұл құбылыстың айналып соқпағанына қазір он бес жылға жуықтады. Егер табиғат өз "дәстүрінен" жаңылмаса, таяу жылдары тағы да егіздер шілдеханасы көбейеді деп болжауымызға болады", — дейді әкім.
(Данияр мен Бақтияр)
Бір кездері "ғалымдар осы құбылыстың сырына үңіліп, зерттеу жүргізіп көрмек" деген сыбыс шыққан екен. Алайда осы уақытқа дейін олардың ешбірі ауылға ат ізін салмаған.
"Мені бұрынырақта "Хабар" арнасының арнайы түсірілімге шақырғаны бар. Қандай бағдарлама екені дәл қазір есімде жоқ. Сол жерде "Тәгілге ғалымдар жібереміз" деген әңгіме айтылған. Одан кейін зерттеушілер төбе көрсеткен жоқ, ешқандай хат-хабар болмады. Әй, бірақ бұл тылсым пенде баласына оңайлықпен сыр алдыра қоймайды-ау", — деп күмән білдіріп те қойды ол.
Ауыл әкімі 28 егіз, 56 перзенттің барлығының аты-жөнін жатқа білетінін айтады. Ең кішілері 7-сыныпта оқиды деп отыр. Олардың барлығының бірдей тәртіпті, зерделі, қоғамда белсенді, елгезек екенін де сөз ете кетті әкім.
(Люда мен Лиза)
"Егіздердің қай-қайсының да бұзақылық жасағанын көрген емеспін. Шеттерінен спортшы, өнерпаз. Ауылдағы кез келген іс-шараға қатысып, сын-байқауларда топ бастап, мерекелерді жандандырып жүреді. Әрине, олардың феноменіне қызығушылық танытатындар көп. Елордадан, Алматыдан таспаға түсіріп, сұқбат алып кеткісі келетін журналистер аз болған жоқ. Бірақ егіздердің көбісі мұндайдан бас тартады, кішілерінің ата-анасы келісім бергісі келмейді. "Көз тиеді" деген тыйымға бойсұнып қалған ба, әлде басқа да себептері бар ма — ол жағы өздеріне мәлім", — дейді ауылдық округ басшысы.
(Люда мен Лиза)
Табиғат тылсым сыйынан құр қалдырмаған отбасылардың бірі — Мәлік-Зина Шықтыбаевтар. Олардың әулетіне келген егіздер — Тәуелсіздік құрдастары.
"Біздің тұқымда егіз болған емес. Бірақ 1991 жылы баламыз Серікбайдан Данияр-Бақтияр есімді жұп бала туды. "Немере жаннан тәтті" дегендей, ерекше мәпелеп өсірдік. Оқуда озат, қатарларының алды болып ержетті. Отыздан асқан немерелеріміз қазір басқа ауылдарда жұмыс істейді. Жалпы, тәгілдік әйелдердің егіздеп бала табуы кездейсоқтық емес", — дейді Мәлік қария.
Егіз қыздары бар орыс ұлтының өкілі Ольга Колчанова да бұл мекенде бір құдіреттің бар екеніне кәміл сенімді.
"Людам мен Лизамның құрсағыма бітуіне осы өлкенің тылсым күшінің әсері болды деп ойлаймын. Өйткені менің де, жұбайымның да тұқымында егіздер болмаған. Жарық дүниеге келгелі екеуі бір-бірінен елі ажырамай, өзара қамқор, тату болып өсті. Қазір олар 34 жаста. Жалпы, қос тамшыдай перзенттер көп үйде бар. Ауыл ішінде егіздерді жиі ұшырастыру — біз үшін үйреншікті көрініске айналған", — дейді Ольга.
Айта кетейік, Тәгілде бүгінде 1040 адам тұрады. Ауыл аудан орталығынан небәрі бес жақырым қашықтықта жатыр.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓