Ел таңдау жасады
Қазақстан халқы 9 маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында жаңа мемлекет басшысын таңдады. Елдің басымырақ дауыс беруімен Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Бұл науқанда Тобыл-Торғай өңірі де ерекше белсенділік танытты.
Ел тағдыры үшін маңызы зор саяси додаға 7 тұлға кандидаттығын ұсынған болатын. Деректерге сүйенсек, сайлау халықтың белсенді қатысуымен әрі ешқандай тәртіп бұзушылықсыз өткен. Қазақстан бойынша 9903, облыста 782 учаске жұмыс істеді. Шараға бір кісідей елгезектікпен қатысқан өңір жұрты мұның қаншалықты маңызды оқиға екені туралы ой-пікірлерімен де бөлісті.
«Сайлауға қатысу – біздің азаматтық парызымыз және әрбір қазақстандық үшін үлкен жауапкершілік, демократияның бізге берген үлкен мүмкіндігі. Сондықтан ел азаматтары дұрыс таңдау жасады деген сенімдемін. Осы уақытқа дейін тәуелсіз,тыныш, бейбіт елде өмір сүріп келе жатырмыз. Еліміздің көркеюі мен жастардың болашағы үшін қазақ елінің өркендеуіне, сабақтастық дәстүрімізді сақтау үшін дауыс бердім деп ойлаймын. Ең басты құндылық – бейбіт өміріміз бен егемендігімізді сақтау», – деп пікірін білдірді ардагер журналист С.Меңдібай.
Азаматтық борышты іске асыру туралы өңір башылары да лебіздерімен бөлісті. Мәселен, Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаев бұл науқанға жұртшылықтың қатысу барысына оң баға берді.
"Әрбір азамат өзінің болашағын, елдің болашағын ойлап дауыс береді. Халықтың көңіл – күйі жақсы. Куә болғанымыздай, халық сайлауға ертелетіп келді. Мұның өзі – әрбір азаматтың бойында елдік жауапкершілік мол деген сөз", – дейді ол.
"Еліміздің болашағы жастардың қолында. Мен өз таңдауымды дұрыс жасадым деп есептеймін. Сайлауға алғаш рет қатысып отырмын. Сыйлық алғаныма да қуаныштымын", – дейді қаланың жас сайлаушыларының бірі Жанна Махмутова.
"Сайлау біз үшін үлкен мереке, – дейді Ербол Жармағанбетов есімді азамат. – Соған өте қуаныштымыз. Өзімізді қанағаттандыратын кандидатқа дауысымызды бердік. Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын. Бәріміз де бақытты болайық!"
"Таңғы сағат 7:00-де Әнұран айтылып, есігімізді айқара ашқан сәттен-ақ сайлаушылар біртіндеп жиналды. Сайлау комиссиясының мүшелері де уақытылы келіп, құжаттарды қолдарына алып, халықпен жұмыс істеуге кірісті. Кәмелет жасына толғандар да, үлкен жастағы кісілер де жайдары көңіл-күймен науқанға қатысты. Әсіресе, сыйлықтар алып жатқан жастар жетерлік. Өзіміз күткендей, дауыс берушілердің қарасы көп болды», – дейді Қостанайдағы №23 сайлау учаскесінде төрағалық еткен Бақытжамал Рахметқалиева.
Рудный қаласында да науқан барынша белсенділікпен өткен. Кеншілер қаласында 49 сайлау учаскесі 80 мыңнан астам адамды қабылдаған.
"Сайлауға қатысу-қатыспау – әр адамның өз қалауы. Мен үшін бұл азаматтық парыз.Елдің болашақ тағдыры қазақстандықтардың өз қолында екенін ұмытпаған жөн. Сайлау әділ өтті деген сенімдемін. Ешкімді ешкім белгілі бір үміткерге дауыс бер деп үгіттеген жоқ", – деген көзқарасымен бөлісті рудныйлық тұрғын Іңкәр Жетпісбаева.
"Дауысымды ең ерте берген жандардың бірімін, – дейді меңдіқаралық өнерпаз Ғалымжан Маутанов. – Өйткені бұл жауапкершілігіміз еліміздің ертеңгі тағдырына тікелей қатысты. Бұл оқиғаны кішігірім мерекеге ұластырып, ән айтып би биледік. Солайша өңір халқының көңіл-күйін көтеріп, тарихи күннің ерекше естелікпен санамызда сақталуына ықпал ете алдық деп айтар едім"..
Учаскелердегі бақылаушылар сайлауға жастардың анағұрлым көп болғанын айтып отыр. "Бұл олардың елдік іске олардың бейжай қарамайтынын, жарқын келешекке үлес қосуды азаматтық міндет сезінетінін көрсетсе керек", – деп отыр науқанды қадағалаушылар.
Айта кеткен жөн, Орталық сайлау комиссиясы өңірлердің аралық нәтижесін әр екі сағат сайын жаңартып жариялап отырды. Қорытынды бойынша Қостанай облысы 84,1% көрсеткішпен төртінші орыннан көрінді. Ал Еxit poll шығарған мәліметке сүйенсек, сайлаушылардың 70,13 проценті кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевқа дауыс берген. Exit poll-дың халықаралық стандартты әдістемесі бойынша, сайлау учаскесіне барған сайлаушылар арасында сауалнама жүргізді. Таңғы сағат 7:00-ден кешкі 20:00-ге дейін сауалнаманың 6 толқыны өтті. Нәтижесінде 13 мың 200 сайлаушыдан сұрау алынған. Әміржан Қосановқа – 15,39 пайыз, Дания Еспаеваға – 5,32 пайыз, Жамбыл Ахметбековке – 3,86 пайыз, Төлеутай Рақымбековке – 3,03 пайыз, Амангелді Таспиховқа – 1,41 пайыз, Сәді-Бек Түгелге – 0,86 пайыз дауыс берілген.