Ең арзан нан Қостанайда
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елде нанның арзандығы жөнінен Қостанай облысы көш бастап тұр.
Жалпы, республика көлемінде 1-сұрыпты бидай ұнынан жасалған нанның орташа бағасы 180 теңге екен. Ал оның Қостанай облысындағы құны – 152 теңге. Тобыл-Торғай өңірінен кейінгі кезекте Солтүстік Қазақстан облысы тұр. Ол аймақта нанның бөлкесі 156 теңгеден сатылады. Ал ең қымбат нан Түркістан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында – 198-199 теңге.
Осы деректерді негізге алып, облыс орталығындағы нан бағасын бақылап көрдік. Расымен де, тұрақтылық сақталып тұрғаны байқалады. Сұрыбына байланысты 90 мен 180 теңгенің арасы.
«Нан бағасы қостанайлықтарға қолжетімді деп ойлаймын. Астықты өлке болғасын оған таңданатын да ештеңе жоқ. Ал енді, шынымен де, басқа өңірлердегі бағаға көз жүгіртсек, жоғары сұрыпты нанның 300 теңгеге дейін сатылатынын естиміз. Ең бірінші кезекте «ас атасының» құнын қымбаттатуға жол бермеу керек деп есептеймін. Әрине, қай тауардың бағасының да қатаң бақылауда болғаны дұрыс», – дейді Жібек Қарина.
Ал облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің бағасының тұрақты қадағалауда екенін айтты. Сондай-ақ, биыл «Тобыл ӘКК» АҚ 897 млн теңгеге 1-сұрыпты 7,2 мың тонна ұн сатып алған. Тұрақтандыру қорының ұны өңірдегі 83 нан жабу кәсіпорнына, оның ішінде Қостанайдағы 14 наубайханаға жеткізіліп тұрады.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков