Іске асқан жоба көп
Қостанай өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Е.Қалмақов Қостанай облысының мәдениет саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру туралы есеп берді.
Бүгінгі күні мәдениет саласының желісіне 632 нысан бар. Былтыр мәдениет нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеуге облыстық және жергілікті бюджеттерден 498,2 млн теңге жұмсалған.
-Жалпы Қостанай облысының мәдениет саласын дамыту оң серпінге ие. Қиындықтарға қарамастан, мемлекет белгілеген басымдықтар шеңберінде көптеген жобалар іске асырылды. Бірақ әлі де көп нәрсе істеуіміз керек. «Ауыл-ел бесігі» жобасын іске асыру шеңберінде Қарасу ауданының Октябрь ауылдық кітапханасы, Қарабалық ауданының Научный мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Ағымдағы жылы мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту жалғастырылды. Жалпы бюджеттен ағымдағы жылы мәдениет объектілерін жөндеуге 800,0 млн.теңгеден астам қаражат бөлінді, мәдениет мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 337,4 млн теңге бағытталды, – деді басқарма басшысы.
Ұзынкөл ауданының Ершов ауылында мәдениет үйінің құрылысы жоспарланып, Сарыкөл аудандық Мәдениет үйінің шатырын қайта қалпына келтіру, Меңдіқара ауданының Михайлов ауылында және Қарабалық ауданының Тоғызақ ауылында мәдениет үйлерінің ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізілуде. Бүгінгі күні Денисов аудандық кітапханасының ғимаратына жөндеу жұмыстары аяқталады.
Биыл көрнекті жерлестеріміз Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхамеджан Сералиннің туғанына 150 жыл, онымен қоса Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің бекітілгеніне 30 жылдығы мен Қазақстанның Қарулы Күштеріне 30 жыл.
Қостанай облысының әкімдігі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын мерекелеу жөнінде облыстық іс-шаралар жоспарын бекітіп, Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Жангелдин ауданы тұрғындарының тұрмысын және әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асырылуда.
-Қостанай облысының әкімдігінің жоспар аясында Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін жөндеу және реэкспозициялау жұмыстары жүргізілуде. Ол үшін бюджеттен 170,5 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аудан орталығынан А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын автожолдың 41,4 км учаскесін және Торғай өзеңі арқылы өтетін көпірді жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ол үшін республикалық және облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді, – дейді Е.Қалмақов.
А.Байтұрсынұлы ауылында Сарытүбек елді мекенінде жаңа медициналық пункт салынып, Ақкөл ауылдық амбулаториясы жөндеуден өтуде. Сонымен қатар медициналық құрылғылары жаңартылуда. Ол үшін облыстық бюджеттен 62,0 млн теңге көлемінде қаражат бөлінді. Ақкөл ауылың клубын жөндеу үшін 25,6 млн теңге бөлінген.
Ахмет Байтұрсынұлы дүниеге келген Ақкөл ауылының Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің құрылысы жоспарланып, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Аталған жобаға облыстық бюджеттен қосымша қаражат бөлінетін болады.
Бүгінде демеушілер қаражаты есебінен Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА