Газ бағасы қымбаттауы ықтимал
Қазақстанда сұйытылған газ бағасы көтерілуі мүмкін. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов Мәжіліс залы сыртында болған сұқбатында. Осы жағдайға байланысты Қостанайдағы жанар-жағар май сату бекеттерінің «тамырын басып» көрдік.
Жалпы, 2022 жылдың қаңтар айында Бәсекелестікті дамыту агенттігі сұйытылған газдың бағасын 180 күн ішінде бөлшек саудада ретке келтіру мәселесін қолға алған еді. Бұл мерзім алдағы шілде айында аяқталады. Ал одан соң газ құны аздап өсуі мүмкін.
«180 күннен кейін баға аздап өсуі мүмкін. Әрі кеткенде 20%-дан аспайды. Егер тоннасының құны қазір 28 мың теңге болса, енді ол 36 мың теңгеге жетпек. Көтерме саудадағы литрінің баға 17 теңгеден 19 теңгеге дейін өседі. Яғни бар болғаны 2 теңгеге қымбаттамақ. Жанармай құю бекеттеріндегі баға бақылауда болады», – деді министр.
Оның айтуынша, Энергетика министрлігі Ұлттық экономика министрлігі және Бәсекелестікті дамыту жөніндегі агенттікпен бірлесіп, жанар майдың негізсіз өспеуін қатаң қадағалауда ұстайды.
«Егер зауыттағы көтерме баға 2 теңгеге көтерілсе, демек ол бөлшек саудада 5 теңгеге қымбаттамауы тиіс. Егер сондай жағдай болса, жекелей қатаң шаралар қабылданады. Бірақ бұл жерде де газ өндірушілер мен оны сатушыларға қатысты дүниелер бар, бұл тасымал мәселесіне келіп тіреледі. Егер тасымалдаушылар өз қызметтері үшін бағаны көтеретін болса, ол да есепке алынуы қажет», – деді Б.Ақшолақов.
Ал біздің облыстағы жағдайды бажайлау үшін бірер жанар май құю бекеттеріндегі ахуалды біліп қайттық. Осындай бірнеше нысанды басқарып отырған кәсіпкер Мархабат Жутаев министрлік мәлімдеген бұл жаңалықтан аса үлкен қауіп көрмейді.
«2 теңгеге қымбаттатудың елеулі ықпалы жоқ. Керек десеңіз, мейлінше арзандатудың салдарынан газ шаруашылығы құрдымға кетіп бара жатыр. Мұның тұтынушы халыққа пайдасы бар. Бірақ тасымалы, қымбат құрылғылары, білікті мамандарды ұстап тұру, инвесторлардың теріс айналуы – бәрі-бәрі осы сала кәсіпкерлерінің проблемасына айналып отыр», – дейді ол.
Оның айтуынша, баға бірден еселеп өсіп кетпесе де, қалайда сатушыға да, халыққа да тиімді баға белгіленуі керек. Ал қарапайым тұтынушылар үкімет белгілеген баға тұрақты болуы тиіс екенін алға тартады.
«Сұйытылған газды негізсіз қымбаттата беруге болмайды. Ол өссе, онысыз да ырық бермей отырған нарық бағасы шарықтай түседі. Ал кәсіпкерлердің мәселелері жоғары жақта реттелуі керек. Тұтынушыға тиімді құнды сақтап, оны үнемі қадағалап отырса, ешкімнің мұртын балта шаппайды», – көлік жүргізушісі Ерболат Достияров.
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков