Комиссия әскерге науқас баланы өткізіп жіберген

Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық соты денсаулығында кінәраты бар жігітті медициналық тексерістен өткізіп жіберген облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті комиссиясының ісін қарады. Комиссияның селқостығынан әскерге жіберіле жаздаған бозбала сотқа шағым беріп, құзырлы орган оның құқығын қорғап қалды, деп хабарлайды Экспресс К.
Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлімдегендей, шағымданушы 2021 жылдың желтоқсан айында әскери комиссариаттың шақыруымен медициналық тексерістен өткен. Сол кезінде оның тоқ ішегінде деформациялық ауру белгілері бары анықталады. Бірақ комиссия бұл құжатты көзге ілмей, бірауыздан оның сыртынан "әскери қызметке жарамды" деген шешім шығарған. Ақыры оған 2022 жылғы 29 желтоқсаннан бастап Ұлттық ұлан қатарында борышын өтеуге жолдама беріліпті.
"Сот талқылауы барысында айыпкер тарап қызмет орнынан медициналық тексеру нәтижелерін ұсынды. Одан шағымданушының "Катаральды антральды гастрит ауруы бар, ол әскери қызмет өткеруге кедергі келтірмейді" деп көрсетілген. Осыдан кейін сот әскери дәрігерлік сараптама тағайындады. Онда талап қоюшы жігіттің "Он екі елі ішек баданасының тыртықты деформациясы, Панкреатопатия" ауруы бары анықталды", — деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Осыны ескере отырып, сот шағымданушының талабын қанағаттандырды. Даулы бұйрық заңсыз деп танылып, күшін жойды.
"Кінәлі тарапқа алдағы уақытта осындай фактілерге жол бермеуі үшін "ҚР Қарулы күштерінде, басқа да әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылған талаптарды бекіту туралы" ҚР Қорғаныс министрлігінің 22.12.2020 жылғы № 722 бұйрығын бұзғаны үшін жеке ұйғарым шығарылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ", — деді баспасөз қызметінің өкілдері.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓