“Түйме қызға” 30 жыл

Талай балауса қыздың бағын ашқан, жас өрендердің өнер, сахна әлемінде өзін танытуына жол бастаған "Түйме қыз" байқауына 30 жыл толыпты. Алғаш 1992 жылы Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінің сол кездегі басшысы Сапарғали Ахметжановтың Лиза Таутанқызына берген арнайы тапсырмасы негізінде дүниеге келген болатын. Енді, бүгінгі күні сол тапсырма үлкен байқауға айналып, автордың өміршең жобаларының бірі болды.
Бұл жөнінде автор:
"30 жыл бұрын Сапар ағай бір тапсырма берді. Ел сүйсінетін, халық қызығатын жоба ойлап тап, болмаса жұмыстан шық деп қатты айтты. Содан мен не істерімді білмей басым қатып, сарсаң күйге түстім. Үйдегі қарапайым теледидардан "Москва" және "Алматы" деген екі канал көрсететін. Бір күні "Москвадан" кішкене қыздардың сән көрсетіп жатқан бағдарламасын көрсетті. Марқұм анам "Мына түймедей қыздардың қақшаңдауын қарашы" деп қалды. Сол мезетте бірден ой келді. Неге кішкене қыздарға арнап қыз сынын өткізбеске деген. Ойым жемісін беріп, бүгінгі таңда үлкен байқаулардың бірі болды, — дейді Лиза Таутанқызы.
Оның айтуынша отыз жыл бұрынғы жеңімпаз Әсел Мұздыбайқызы, бүгінде отыз бес жаста, екі баланың анасы, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны. Сондай-ақ, байқау үзілместен дәстүрлі түрде жалғасын тауып, жылда өткізіліп келеді. Тек соңғы екі жылда індетке байланысты онлайн форматта өткен."Түйме қыздың" мерейлі жылына орай аудандық мәдениет үйінде жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған "Түйме қыз – 2022" атты аудандық байқау өтті. Оған алыс-жақын жерден байқаудың жеңімпаздары мен қадірлі қонақтар келді. Аудандық деңгейде өткен іс-шараға аудан әкімі Талғат Карбозов қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, байқау авторын арнайы алғыс хатпен марапаттады.
Бүлдіршіндер бес кезең бойынша бақтарын сынады. Атап айтқанда таныстыру, көрпе жинау, өз өнерін көрсету, түйме қадау, кешкі сән үлгісі. Қатысушы қыздар әр кезеңге аса ыждағаттылықпен қатысып, дайындықтары жоғары екенін көрсетті. Ауданға белгілі, өз істерінің шебері болып танылған адамдар қазылық етіп, әрбір номерлерді мұқият бақылады.
Қортынды нәтиже бойынша «Жұпар» балабақшасының бес жасар бүлдіршіні Венера Даниярқызы «Түйме қыз — 2022» аудандық байқауының жеңімпазы атанды. Арнайы диплом мен естелік сыйлық табысталды. Өзге қатысушыларға да алғыс хаттар мен сыйлықтар берілді.
 
Бибіт НҰРМҰХАНОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓