Жұмыспен қамту жолдары
«Нұр Отан» партиясы Сарыкөл аудандық филиалында «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында азаматтарды қабылдауға арналған ауқымды шара өтті.
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының бірінші орынбасары Г.Батуринец, кәсіпкерлер Кеңесі аудандық филиалының директоры Р.Мулдабеков және Жұмыспен қамту орталығының директоры С.Раисовалардың қатысуымен өткен акцияда қатысушылар жүзеге асырылып жатқан аталмыш мемлекеттік бағдарлама жайында ауқымды ақпарат алды. Жұмыспен қамту жолдары түсіндірілді. Бір айта кетерлік жәйт, бұл жолы ауданның жұмыссыз жүрген азаматтары үшін 47 бос орын ұсынылды.
Бірақ, шараға өздеріне тұрақты жұмыс табамыз деген үмітпен 6 сарыкөлдік азамат келді. Олардың арасында 50 жастан асқан мүгедек жандар мен жастар да бар. Солардың бірі Светлана Орлова жұмыс іздеп жүргеніне жарты жыл болғанын алға тартты. Жоғары мамандығы бар бұл азаматшаны тұрақты жұмыспен қамту керектігін тиісті мекеме қызметкері тілге тиек етті.
– Бос орындар бар, бірақ олардың бәрінің тәжірибесі 3 жылдан кем болмауы керек деген өз талаптары бар. Қалайда біз, Свтеланаға қол ұшын созуымыз керек, – деді өз сөзін түйіндеген Сания Марденқызы.
Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту оңай шаруа емес екендігі ашық айтылды. Мәселен, екінші топтағы мүгедек Талгат Бисеновтің де бұндай басқосуларға, дөңгелек үстелдер мен акцияларға жиі қатысып, жұмыс іздеп келгеніне де біраз уақыт болған, бірақ, өкінішке орай өзіне лайық жұмыс таба алмаған.
Жалпы, акция соңында аудандық партияның бірінші орынбасары шара барысында көтерілген барлық сауалдарды қағазға түсіріп алды. Сондықтан, жұмыссыздардың жанын мазалаған мәселелердің қалай шешімін табатындығы алдағы уақыт еншісінде қалды.
Руслан Әлкей
Сарыкөл ауданы