Аймақта қандай хабар бар?
Қамқор қордың қолдауы
Облыста. Birgemiz қорының жәрдемақысын қостанайлықтардың да алғашқы легі ала бастады. Атап айтқанда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың шотына 50 мың теңгеден түскен. Атаулы көмекке жалғызбасты қарттар, тұрмысы төмен көп балалы аналар және ерекше мұқтаждығы бар жандар ілігеді. Оның үстіне, Елбасы әлеуемттік тұрғыда осал отбасыларға 100 мың теңгеден жәрдем беруді тапсырған еді.
Жаңа жатақхана салынуда
Қостанай. Облыс орталығындағы автомобиль көлігі колледжінің студенттері үшін 9 қабатты, 500 орындық жатақхана салынуда. Бюджеттен 1,3 млрд теңге бөінген. Жұмыс алдағы жылдың мамыр айында аяталуы тиіс. Құрылыспен "Рудныйсоколовстрой" АҚ айналысып жатыр. Оған отандық өндіріс материалдары қолданылып жатқанын айта кету керек.
Мерейтойға арналады
Амангелді. Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай 5-11 сыныптар арасында"Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!" аудандық мәнерлеп оқу байқауы өтті. Ол «Абай мұра,ғасырлар даналығы» онкүндігі аясында ұйымдастырылды. Қазылар 17 жұмысқа баға берді. Бас жүлдені Тасты орта мектебінің оқушысы Марал Қабдырашова иеленді.
Талқыда – латын әліпбиі
Қарабалық. Аудан көлемінде "Жаңа әліпби жайлы тыңдаушылар пікірі" атты пікір алмасу жиыны үзіліссіз өткізіліп келеді.. Желілік жоспарға сай, бұл жолы Михайлов ауылының білікті ұстазы Айгерім Әубкірова тыңдаушылармен латыннегізді әліпби жайлы ой бөлісті. Іс-шара барысында қатысушылар пайымды пікірлерін ортаға салды. Шара басқа ауылдарда да жалғасады.
Аруақтар разылығы үшін…
Қарасу. "Жеңіс жолы Қарасу KZ" мотомарафонының жабылу рәсімі өтті. Марафонға ауданға қарасты 8 ауылдан байкерлер қатысқан еді. Олар 4,5 сағатта жүріп өткен маршруттың жалпы қашықтығы 262 шақырым болды. Мақсат – ауылдарға аялдап, ҰОС құрмандарына тағзым етіп, гүл шоқтарын қою. Акция бастамашысы – Жалғызхан ауылының тұрғыны, кәсіпкер В.Журжа.
Жаңа бекет ашылды
Жітіқара. Чайковский ауылында өрт сөндіру бекеті ашылды. Рәсімге жиылған басшылық өкілдері мұны ауджандық маңызы бар оқиғаға балады. Бекет тұтас ауыл төңірегінің қауіпсіздігіне жауап береді. АЦ-40(130) маркалы өрт сөндіру көлігі берілді. Ал мамандар №12 аудандық өрт сөндіру бөлімінде жаттығып шықты. Бұл – аудандағы екінші бекет. Алғашқысы 5 жыл бұрын Мүктікөл ауылында ашылған-ды.
Мәдениет үйі жөнделді
Денисов. 36 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген мәдени нысанға биыл назар бөлінді. Күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 106 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазір ғимаратта қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Қасбеті әрленіп, желдету, жылыту жүйелері, құбыр, сумен, электрмен қамту жүйелері, барлық терезелері ауыстырылды.