Қостанайлықтар белсенді үн қосады деп сенемін – Мұхамбетов

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласындағы №21 референдум учаскесінде дауыс берді.
Аймақ басшысы учаскеде журналистерге берген сұхбатында бүгінгі жалпыұлттық референдумды мереке деп атап өтіп, облыс жұртшылығын құттықтады.
«Қостанай облысында бүгін 735 референдум учаскесі жұмысын бастады. Халық осы саяси іс-шараға белсенді қатысып жатыр. Облысымызда 553 мың сайлаушы тіркелген. Барлық учаскелерде ұлттық бақылаушылар бар. Олар референдумның заңды түрде өткізілуін қамтамасыз етіп отыр. Қостанайлықтар еліміздің нағыз патриоттары ретінде өздерінің конституциялық құқықтарын пайдаланып, еліміздегі оң бастамаға дауыс беру арқылы үн қосатынына сенімдімін. Еліміз гүлденіп, әрі қарай қарқынды дами берсін! Барша қазақстандықтардың әл-ауқаты арта беруіне тілектеспін», – деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Аталмыш учаскеде тұрғындардың белсенділігі байқалады. Отбасымен дауыс беруге барғандар көп кездеседі. Ерлі-зайыптылар Алпысбай Дүйсенбин мен Салмекен Нұғманова бұл саяси өзгеріс келешек үшін деп сенеді. Сондықтан, жастар белсене атсалысса дегенді айтады.
«Өзім ардагер педагогпын, жұбайым темір жолда ұзақ жыл еңбек етті. Біздің буын мұндай бастамаларға зор мән береді. Үлкен өзгерістерден шет қалғымыз келмейді. Жастар саяси науқанға білек сыбана қатысуы керек. Өйткені, болашақ солардікі», – дейді қала тұрғыны Салмекен Нұғманова.
Айта кетейік, №21 референдум учаскесінде 2406 сайлаушы бар. Оның 15-і үйден дауыс беруге өтініш білдірген.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓