Ахуал тұрақты, алайда…
Қостанай облысы бойынша коронавирусқа шалдыққандарға арналған 255 төсек-орын бар. Бірақ бірде-бір науқас жатқан жоқ. Эпидахуал бірнеше күннен бері тұрақты. Соған қарамастан вакцинация жұмысы тоқтатылмайды.
Қазіргі жағдай турасында Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова мен Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Севостьянов баяндады.
«Вакцинацияның алғашқы және екінші кезеңдеріне арналған кабинеттер 31 емханада (оның ішінде 5 жеке) жұмыс істеп тұр. Оған керек дәрі-дәрмекті сақтайтын 112 мұздатқыш бар, оның ішінде төртеуі бір мезгілде 350 мың доза сыйып кететін ультратөмен температуралық режимі бар құрылғымен жабдықталған», – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова.
Бүгінге дейін аймақта 362 мың 174 адам немесе вакцинациялауға жататын тұрғындардың 60,8% егілді, оның ішінде екінші компонентпен 348 мың 683 немесе 58,5% екпе салдырған.
2021 жылдың 22 қарашасынан бері халықты қайтара егу басталғаны белгілі. Кешегі күнге шейін 139 мың 229 адам қайта вакцинацияланды.
Вакцинациялауды жүргізуге тиісті оқытудан өткен 426 медицина қызметкері жұмылдырылды.