Жылжымалы емхана жолға шығады
Тобыл-Торғай өңірінің шалғай елді мекендерінде тұратын халыққа медициналық көмек көрсету үшін мамыр-қыркүйек айлары аралығында ауылдарға 14 жылжымалы кешен қатынайды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қостанай облысындағы филиалы өкілдері хабарлайды.
Өткен жылы ауыл тұрғындарына тек төрт жылжымалы кешен медициналық көмек көрсеткен еді. Ол жолы 3026 адам жәрдем алған. Енді дәрігерлердің еншісіне тағы 10 жаңа жылжымалы кешен келіп түсті. Ең қуаныштысы – олардың барлығы Қостанайдағы "СарыарқаАвтоПром" зауытында өндірілген.
12 метрлік автобусқа сыйдырылған жылжымалы медициналық кешендер консультациялық, мамандандырылған медициналық көмек көрсетіп, диагностикалық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл – өңірдегі аудан орталықтарынан жүздеген шақырым жерлерде орналасқан, тек медициналық пункттер жұмыс істейтін, жабдықталуы мен штаты толыққанды зерттеулер жүргізуге мүмкіндік бермейтін ауылдардың тұрғындары үшін үлкен көмек.
"Былтыр бұл қызметтер үшін медициналық ұйымдарға Қор тарапынан 4,5 млн теңге төленді. 2021 жылы 50 мыңға жуық адамды қамти отырып, 200-ге жуық елді мекенді аралау жоспарлануда. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры бұл мақсаттарға 748 млн теңге аударуды жоспарлап отыр, оның 80%-ы МӘМС есебінен бөлінеді", – деп хабарлады Қостанай облысы бойынша "Әлекметтік медициналдық сақтандыру қоры" ҰАҚ директоры Сәуле Аймұхамбетова.