Электронды қызмет алушылар көп
Қостанай облысының медицина ұйымдары денсаулық сақтау саласында 18 түрлі мемлекеттік қызмет ұсынып отыр. Өткен жылы тұрғындарға 6 млн 665 мың 847 қызмет көрсетілген, оның басым бөлігі электронды түрде.
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен кезекті брифингте Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова баяндама жасады. Ол денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету туралы мәлімет берді.
«2022 жылдың 4 айында стационарда ем алған науқастарға 35 мың 320 анықтама берілген. Қызметтер Egov.kz электронды үкімет порталы және қағаз түрінде, медицина мекемесі арқылы жүзеге асырылды. Үзінді көшірмені алу үшін жеке басты куәландыратын құжатыңыз болса жеткілікті», – деді Анжела Бексұлтанова.
Қызмет демалыс және мереке күндерінен басқа, дүйсенбі-жұма аралығында үзіліссіз сағат 8.00-ден 17.00-ге дейін көрсетіледі. Құжаттарды тапсыру үшін күтуге ең ұзақ дегенде 30 минут беріледі, ал көрсетілетін қызметті алушыға қызмет көрсетудің рұқсат етілген ең ұзақ уақыты – 60 минут.
Спикердің айтуынша, электронды қызмет алушылар қатары көбейіп келеді. Биылғы бірінші тоқсанда көрсетілген қызметтің 98 пайызы Egov.kz порталы арқылы көрсетілген. Бұл көрсеткіш осыдан екі жыл бұрын 92 пайыз болатын.