Оқушыны қылғындырып тастады
Оқиға 25 мамыр күні Әуежай шағын ауданында болған. Облыстық ПД баспасөз қызметі оқушылар арасындағы жанжалға қатысты түсінік берді.Оқушылар спорт алаңында төбелесіп қалып, кейін бірі екіншісін қылғындырып, құлатып тастаған.
"Ювеналды полиция қызметкерлері анықтағандай, 9 және 10 жастағы ұл балалар жанжалдасып қалады. Қылғындыру салдарынан 9 жастағы бала есінен айырылып, жерге құлаған. Балалар үйлеріне барғанда ата-аналарына ештеңе айтпаған. Олар балаларының төбелескені туралы WhatsApp месенджерінде тараған видеодан көріпті", — деп хабарлайды баспасөз қызметіндегілер.
Бастысы, қазір баланың жағдайы жақсы. Ата-аналары ауруханаға жүгінбеген. Бүгін осы дерек мектептегі Алдын алу кеңесінде қаралды. Жиынға жеткіншектердің ата-аналары, педагогтер және ювеналды полиция қызметкерлері шақырылған.
"Ата-аналардың бір-біріне айтар арызы жоқ. Дегенмен үлкендерге де, оқушыларға да прфилактикалық кеңес берілді. Жеткіншектермен психологтар мен әлеуметтік педагогтер жұмыс істейтін болады. Ювеналды полиция инспекторлары алдағы уақытта кәмелетке толмаған балалардың мінез-құлқын қадағалауда ұстайды", — дейді ПД мамандары.