“Ең жас нашақор 9 жасар бала болды”
Біреулер есірткі таратып, байлыққа кенеліп жүр, ал, қаншама жан бұдан бақытсыздыққа ұшырап, өлім құшуда. Ел ішінде нашақорлар саны жыл сайын артуда, бірақ, оны түбегейлі тоқтатуға қолдан келер шара жоқ. Өз басымызда болмаған соң, өзгенің проблемасына жүрегімізді де, жанымызды да ауыртқымыз келмейді. Адам баласы алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Десе де, ұрпақ өсіп келеді. Не істеу керек? Жастарды оның құрығынан қалай құтқарамыз? Оның алдын қалай аламыз? – деген сауалдар, әрине, адам жанын мазалайды. Осы сұрақтардың жауабын іздеп Затобол кентіндегі облыстық мәжбүрлеп емдеу орталығының бас дәрігерінің орынбасары Есентемір Әбдікәрімұлына бардық. Кездестік. Көкейде жүрген сұрақтарымызды қойдық.
– Есентемір Әбдікәрімұлы, есірткі адам организміне қаншалықты зиян?
– Есірткі жалпы адам организміне жат нәрсе. Адам психикасын өзгертеді. Сондықтан оны қолдану өте зиянды. Есірткіге тәуелді болған адамның болашағы жоқ. Бұрынғы кездері нашақор адам 15-20 жыл өмір сүрсе, қазір осы көрсеткіш қысқарып, небәрі 5-6 жылды көрсетіп отыр. Есірткіні бір-екі қолданғаннан кейін оған тәуелді болып шыға келеді. Ал есірткінің таралуы өте тиімді бизнес көзі болғандықтан, өкінішке қарай, кең етек алып бара жат-қаны жасырын емес. Сарапшылардың айтуы бойынша, мұнай бизнесі есірткі бизнесінен әлдеқайда тиімсіз. Совет үкіметі кезін-де есірткіні қолданған адамды да, есірткіні таратқан адамды да жазалайтын еді. 90 жылдардан берірек есірткі қолданған адамдарды ауру деп танитын болдық. Одан есірткіні қайдан алғанын сұрап жатқан ешкім жоқ. Қазір ресми есепте тұрған 3000-ға жуық нашақор бар.
– Бүгінгі күні есірткінің қандай түрлері көп қолданылады?
– Есірткінің көп қолданылатыны опи, яғни, апиын. Ол көк-нәрден алынады. 5-6 жыл бұрын ғана дөрекі түрде жасалған апиын қолданылатын, орысша оны "опий-сырец" деп атайды. Есірткінің қазір көп тарап отыр-ғаны героин, яғни, ақ ұнтақ. Одан адам санасы тез уланады. Бірінші рет дәмін татқанда ләззат алады, сосын ағза тәуелді болып, із-деумен жанұшырады. Қолданбаса ұйқысы бұ-зылады, буын-буыны сыр-қырайды. Сөйтіп, бара-бара тәуелді болып, тән мен жаны ауырмау үшін іздеп аласұрады. Сосын көкнардан алынатын конопля, яғни кендір. Ол еліміздің Шу аймағында өседі. Олар есірткінің жеңіл түрлері деп есептейміз. Голландияда, Американың штаттарында темекі қалай сатылса олар да дүңгіршектерде еркін сатылуда. Бізде оған тыйым салынғанымен, таралуы кең. Есірт-кінің бұл түрі есірткіге тәуелді ететін алғашқы қадам. Бастапқыда онда тұрған ештеңе жоқ, тек қана кендір деп жүріп, қалай тәуелді болып қалғанын да білмей қалады. Кен-дірге үйренген адам, артынан героинге бармай тұрмайды. Сосын олардың синтетикалық түрлері бар. Амфетамин секілді. Олар химиялық жолмен жасалып, бізге Еуропадан келеді. Таралуы героинге қарағанда бірнеше есе кем, дегенмен, оның да үлесі көп. Соңғы кезде "крокодил", яғни "қолтырауын" деген түрі көбейіп кетті. Дәріханада сатылатын қарапайым дәрілердің қосындысынан жасайды. Оны нашақорлар тамырына салады. Оған тамыр шыдамай, шіри бастайды. Кей адамдарда сүйегінен бұл-шық еттері ажырап, денесінің бір жері көгеріп, бір жері іріңдеп, қабыршықтанып қолтырауынның денесі секілді болып қалады.
– Тәуелділікті, есірткіге құмарлықты тудыратын бірнеше сатылары бар. Ол жоғарыда айтып кеткен сора, кендір және күнделікті көріп жүрген темекі. Және өзіміздің Қостанайдағы бірнеше шатханаларда бар кальян. Оның ішінде де бірнеше синтетикалық есірткілер бар. Оларды қолданған соң, түбі міндетті түрде санасы есірткіге ауып тұрады. Бұл да есірткінің кең таралуының бір жолы. Оны қолдануға тыйым салғанмен, бізде оны түбегейлі жоятын заң әлі жоқ. Сондықтан бұл зиянды заттар әлі де қолданыста. Сондай-ақ, есірткіні алдын алу отбасыдан басталады. Яғни, дұрыс тәрбие керек. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі. Отбасында ата-анасы баласына үйретіп отыруы керек. Ненің жақсы, ненің жаман екенін айтып, жарқын өмірге бағдар жасап отыру – ата-ананың міндеті. Отбасының тәрбиесін көрген, мейіріміне бөленген баланың жаман әдеттен аулақ болатыны анық.
– Есірткіге тәуелділік қай жастағыларға тән?
– Есірткіге еліктейтіндер негізінен жасөспірімдер мен жастар. Олар өлімнің не екенін терең ұғынбайтын жаста есірткіге ұрынады. Өлімнен үлкендер қорқуы мүмкін, жастар қорықпайды, нашақор үшін өлім жалған дүниемен бірдей. Біздің есепте мектеп жасынан бастап, 54 жасқа дейінгі адамдар тіркелген. 2-3 жыл бұрын ең жас нашақор 9 жастағы бала болған.
– Елімізде есірткімен күресу қарқынды жүріп жатыр, дегенмен, нашақорлар саны неліктен көп?
– Иә, мектепте сынып сағаттарында мұғалімдер есірткі зияндылығын айтып жатады. Арнайы мамандар келіп үгіт-насихаттар жүргізіп, әр түрлі тренингтер өткізеді. Түрлі плакаттар іліп, әлеуметтік жарнамалар жасайды. Оған мемлекет миллиондаған қаржысын жұмсаса, есірткі таратушылар миллиардтап береді. Біз бюджеттің ақшасымен жүр-гендіктен әр тиынымызға жауап береміз. Есірткіні ойлап табатын түрлі зертханалар бар, ол біздің емдеу орталықтарындағы зертханалардан 10 есе күшті жабдықталған.
– Есірткіден толыққанды арылу мүмкін бе? Сіздер қандай көмек көрсете аласыздар?
– Біздің бөлімшемізде бір науқас 17-ші рет жатып шықты. Әр кез әртүрлі, 3 айдан 1 жылға дейін жатты. 1 жыл жатқанында мүлдем есірткі қолданбай, кейін қайтадан қолданды. Мұндайлар жеткілікті. Біздің қолымыздан келетіні есірткі қолданбайтын аралықты созып беру. Қазір медицина ғылымында соңғы енгізілген шаралардың бәрін біз қолданамыз. Осындай дәріні қол-данғаннан кейін жазылып кетеді дейтін дәрі тек бізде емес, дүние жүзінде жоқ. Бірнеше емді қатар қолданғанда ғана кішкене болса да нәтиже береді. Қазақстан бойынша сауықтыру орталығы екеу-ақ. Бірі – Павлодарда, ол қазақстандық тәжірибе стан- циясы іспетті. Онда біршама ғалымдар еңбек етеді. Екіншісі – біздің Силантьевка селосындағы ғылыми тәжірибелік орталық. Бізде емделіп шыққан адамдар 100-дің ішінде 4-5-ақ адам. Міне, осы көрсеткіштерге қарап, осы дерттің қаншалықты қауіпті екенін білуге болады.
Сұхбаттасқан
Айдана Қуанышбай, Ботагөз Ильясова.
СУРЕТТЕ: Есентемір ӘБді-кәрімұлы.
Сауалнама
Есірткіге тәуелділік неге азаймай отыр?
Есірткі заттарының өмірге қауіпті екенін біле тұра, оған деген құмарлық азаймай отыр. Мұның себебі сан түрлі. Осы тұрғыда қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізген болатынбыз.
Алданыш ЕРҒАЗИН,
қала тұрғыны:
– Жастардың арасында мақсат, ортақ мүдде болмаған соң адам өзімен-өзі бейтарап жүреді. Бос уақытты дұрыс ұйымдастыра білу керек деп ойлаймын. Жастарды спортқа, өзге де пайдалы істерге тарту керек. Сонда ғана оң талпыныстар болады. Кінә жастарда емес, жастарға деген көзқарастың әлі де осалдығында.
Жұмагүл ЕРКЕШОВА,
қала тұрғыны:
– Таныстарымның арасында нашақор жоқ болған соң, айналамда да жоқ сияқты сезіледі. Бірақ, теледидардан естіп, газеттерден оқығанда қатты қынжылам, қиналам, тіпті жастарға ренжимін. Менің ойымша, есірткі саудасына тосқауылды күшейту керек.
Үмітқан ШІЛТЕЙОВА,
зейнеткер:
– Бар себеп тәрбиеде деп ойлаймын. Қазір менталитетімізге сай емес дүниелер көбейіп кетті. Осылардың әсері мол. Тағы айтарым, қазір отбасында бала саны аз. Баланың қолына ақша беріп қойып, оны қайда жұмсап жатқаны қараусыз болатыны бар.
Ержан МАХИН,
ҚМУ студенті:
– Есірткіге тәуелділік жастар арасында шынымен көбеймесе, азаймай отыр. Басты себеп өздерін тежей алмауында деп ойлаймын. Қазір ата-аналар күнкөрістің қамымен жүріп, баладан гөрі жұмысқа көп көңіл бөледі. Сонымен қатар тәрбиені тек ата-ана тарапына жүктеп қоймай, діни құңдылықты да дәріптеген жөн деп ойлаймын.