Сегіз аппаратты сыйға тартты
Облыс имамдары мен «Зекет» қорының өңірлік өкілдігі бастамашы болып, жергілікті азаматтардың қолдауымен қалалық ауруханаға өкпені жасанды тыныстандыру құрылғыларын тарту етті.
«Коронавирус індетінің өршіп кетуі дін қызметкерлерін де қатты алаңдатып отыр. Осыған байланысты, төрт күн бұрын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы «Өмірге үміт сыйла» акциясын жариялаған еді. Акцияға имамдар мен қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер үлес қосты. Әсіресе, «Олжа агро», «Бест Қостанай» кәсіпорындары қомақты қаржы берді. Жалпы көлемі 6 млн теңгеге жуық қаражат жинадық. Қалалық аурухананың бас дәрігері өкпені жасанды тыныстандыратын жабдықтарға зәру екенін айтқан еді, құрылғыларды соларға алып беруді жөн санадық. Науқастарға Алла шипасын берсін», – дейді Қостанай облысының бас имамы Бақытбек қажы Тәжімбет.
Ауруханаға табысталған 8 құрылғы Ресейдің Екатеринбург қаласынан жеткізілген. Бір аппараттың бағасы 420 мың теңге тұрады. Бақытбек қажы Тәжімбеттің айтуынша, жиналған ақшаның қалғанына тағы осындай 10 құрылғы сатып алынады. Түркиядағы кәсіпорынға тапсырыс берілген, аппараттар бірер күнде елге жеткізіледі.
Аслан ҚАНҒОЖИН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ