Аға буынға тағзым
Қостанайдағы орыс драма театрында «Ардагерлер ұйымы» Республикалық қоғамдық бірлестігі Қостанай облыстық филиалының 35 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Айтулы шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев қатысты.
1987 жылдың алғашқы айларында Қазақстан аумағында соғыс және еңбек ардагерлерінің ұйымдары құрыла бастады. Сол жылы 28 ақпанда біздің өңірде де алғаш рет Ардагерлер кеңесінің облыстық конференциясы өтті. 35 жыл ішінде облыстық филиал сегіз есептік-сайлау конференциясын өткізіпті.
Салтанатты жиында облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов филиал құрылғаннан бері атқарылып жатқан игі істерге тоқталды.
-Осы уақыт ішінде облыстық ұйымның басты міндеті қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау болып табылады. Бұл қағидадан ешқашан жаңылған емеспіз. Ардагерлер кеңесі құрылғаннан бері белсенді зейнеткерлерді ұйым қатарына тартып, жергілікті атқару мекемелерімен байланысты нығайтып келеміз, – деді Батырбек Мықансалықұлы.
Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің атынан ардагерлерді арнайы құттықтаған облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Марат Жұрқабаев тәуелсіздікпен қатар жарқын болашақтың, батыр жеңімпаздар даңқының символы ретінде құрылған ұйым бүгінде елдікке, ұрпақтар сабақтастығының айнасына айналғанын атап өтті
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ Қостанай облыстық филиалының мүшелері, ардагерлер кеңесіндегі жемісті еңбегі, белсенді өмірлік ұстанымы, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесіне қосқан зор үлестері үшін және ұйымның мерейтойына байланысты Қостанай облысы әкімінің «Құрмет грамотасымен» Жандарбек Сейітов, Қарсақбай Бірмағамбетов, Ерғали Алхалиев, «Құрмет белгісі» төсбелгісімен Петр Казанцев, Бәтима Рахметова, Светлана Настенко, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай облыстық филиалы «Құрмет грамотасымен» Төлеген Шоланов, Марат Қасымов, Вера Ильминская қатарлы аға буын марапатталды.
Шара соңында Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.