Торғайлықтардың бейбіт митингі өтті

Қостанай орталығында Торғай облысының қайта ашылуын қолдауға арналған митинг ұйымдастырылды. Аталған шеру ел астанасында басталып, Аманкелді, Жанкелдин аудандарында, Арқалық қаласында да жалғасқан еді.
Тың игерушілер алаңында жиналған жұртшылық Торғайдағы әртүрлі мәселелер туралы толғанып, оларды шешу жолдары туралы ұсыныстарын да айтты.
Алғашқылардың бірі болып сөз алған еңбек ардагері Әбдіқадыр Әбілтаев Торғай облысын ашуға негіз болатын алғышарттарды алға тартты.
«Ең бірінші керегі – адам ресурсы. Сондықтан, қайта көшу мәселесін көтеруіміз керек. Жан-жаққа қоныс аударып кеткен жерлестеріміздің ішінде елге оралуға ниеттілер бар, солардың тізімін алсақ артық болмайды. Одан бөлек, Торғайға өзге өңірлерден де барғысы келетін азаматтар табылуы тиіс. Оларға үндеу жариялау керек. Сөйтіп, бәрінің тізімін алып, бағдарламамызбен бірге Үкіметке ұсыну қажет», – деген ардагер Торғай өңірін тек шикізат аймағы емес, өндіріс өлкесіне айналдыру жайында да айтып өтті.
Белгілі диқан Ибраш Естаев та пікір білдіріп, «Торғай бүгінге ғана емес, болашаққа керек» деген ойын айтты.
«Облыс ашылып, аумағы белгіленсе, сол жерге барған азаматтар бәрін бірте-бірте шешеді. Соған сенемін. Өйткені, өзім кеңшарда бәлен жыл директор болғанда көз жеткізгенмін. Айта берсе, алдыңнан көп кедергі көрінеді. Бел шешіп кірісіп кетсең, бітпейтін іс жоқ», – деді диқан.
Торғайды қазақтың қара шаңырағы деп атаған ғалым Алмасбек Әбсадықтың пікірінше, бұл өңірді дамытуға ең әуелі керегі – адами капитал.
«Мысалы, Венгрия басқа елдің азаматтарын кіргізгісі келмейді. Ал Франция, Германия сияқты мемлекеттердің азаматтығын алушылар көп. Неге? Өйткені оларға адами капитал керек. Адам болмаса ел дамымайды. Сосын тағы бір айтарым, жеке бір облыс ашу экономикалық тұрғыдан, басқару жағынан да тиімді. Соны да ескерген абзал», – деді ғалым.
Жанкелдин ауданының бұрынғы әкімі Асқарбек Кенжеғарин екі мәселеге тоқталып өтті. Алғашқысы – пайдалы қазбаларды игеру.
«2013 жылы торғайлық бизнесмен Сапар Ысқақов ағамыз елге Шымкенттен Серікжан Сейтжанов деген инвесторды ертіп келді. Сол кісілер Ақкөл, Жыланшық аумағын аралап, қазба байлық барына көз жеткізді. Олар Торғай елін дамыту керек деп, іске кірісіп те кетті. Құжаттарды әзірлеп, тиісті министрлікке жіберді. Осы іспен бір жарым жыл айналысты. Бірақ, неге екені белгісіз, бастаманы үкімет қолдамапты. Облысты ашқанда осы мәселені қайта қолға алса деймін. Қазба байлықтары Кеңес үкіметі кезінде әбден зерттелген. Әттең, құжаттың 80-90 пайызы Мәскеуде қалып қойған», – деді А.Кенжеғарин.
Ол көтерген екінші мәселе – Нұр-Сұлтан-Арқалық-Торғай-Ырғыз-Ақтөбе бағыты бойынша өтетін жол салу. Оның айтуынша, жол жағдайын бұдан бірер жыл бұрын бастамашыл топ зерделеп, үкіметке ұсыныпты. Бірақ жоба осы уақытқа дейін әлі қолға алынбаған.
Митингті ұйымдастырушы Ербол Бекбосынов та елді дамытудың бір жолы торғайлықтарды туған өңіріне қайта көшіру деп есептейді.
«Бұған дейінгі шерулерде айтылған ұсыныстар ескеріліп, арнайы бағдарламаға енгізілді. Белгілі азаматтардан арнайы жұмыс тобы құрылып, іске кірісіп жатыр. Ұсыныс-тілектерді үкіметке жібереміз», – деді Ербол Бекбосынов.
Нұр-Сұлтан мен Ақтөбе облысын жалғайтын тас жол салынсын, облыс ашылуын қолдаймыз деген жұртшылық үкіметке жолданатын хатқа қол қойды.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓