Бейбіт күннің құнын бағалайық
Қазақстан халқы ассамблеясының "Ел бірлігі – жаңарған Қазақстанның тірегі" атты отыз бірінші сессиясына қатыстым. Оған Қостанай облысынан барлығы 21 адам аттанған едік. Бұл келелі отырыста еліміздің болашағына қатысты көп дүниелер айтылды. Қазақстанда туып өскен азамат ретінде Президенттің әр сөзін құптаймын.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақтылық, елдің бірлігі, тіл мәселесі туралы ойларын нақты айтты. «Бірлік, татулық және бейбітшілік – біздің мызғымас құндылықтарымыз. Оның айрықша маңызды екенін қаңтар оқиғалары кезінде айқын сезінді» дегені әрбір қазақстандық азамат үшін ойланарлық дүние. Бейбіт күннің құнын түсіне білуіміз керек.
Президент өз сөзінде өзге де маңызды жайттарға тоқтала кетті. Елімізде өмір сүріп жатқан барлық этнос өкілдері жалпы азаматтық құндылықтарды қолдап тұрғаны маңызды екенін де айтты. Мемлекет басшысы қазақстандықтарды Екінші Республиканы бірге құруға шақырды. «Біз барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз! Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. Референдум маңызды демократиялық институт екенін, бірақ Қазақстанда ол соңғы рет 1995 жылы, қазіргі Конституция бекітілген кезде өткенін айтты.
"Одан кейін "Республикалық референдум туралы" конституциялық заң қабылданды, бірақ ол әлі күнге дейін қолданысқа енген жоқ. Содан бері Конституцияға төрт рет түзетулер енгізілді. Бүкілхалықтық дауыс беру арқылы Конституцияны өзгерту халықтың ерік білдіруінің жарқын көрінісі болады деп санаймын", – деді Тоқаев.
Мұның бәрі де біздің еліміз үшін маңызды шешім екенін түсінемін. Бұл уақытты талап ететіні де белгілі. Бірақ қазақ жерінде тұрып жатқан әр адам бірлік пен ынтымақта болса болашағымыз жарқын болары белгілі.
Эргашвой Холметов,
«Шарк» тәжік-өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы.