Кәсіпкерлерге көмек көп
Пандемияның салдарынан екі жыл өтпей қалған жергілікті кәсіпкерлердің шоу-жәрмеңкесі Рудныйда қайта жанданды. Биылғы жәрмеңке қаланың 65 жылдығына арналған.
Бірегей шараны қала әкімдігінің қолдауымен RUDNY HUB бизнес-инкубаторының бастамашыл тобы мен iaGorod қалалық ақпараттық порталы ұйымдастырған. Сонымен қатар, Қазақстандағы ең ірі микроқаржы ұйымы KMFкомпаниясы мен«KMF-Демеу» корпоративтік қоры шараның Бас демеушілері болды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, бизнес-шоуға қатысушылардың саны биыл рекордты көрсеткішке жеткен. 80-нен аса кәсіпкер «Өндіріс», «Сауда», қолөнер шеберлерімен бірге Hand made, «Қызмет» және «Тағам» (фаст-фуд, дәмхана мен мейрамханаларды қосқанда) бағыттары бойынша өз өнімдерін ұсынған.
Жәрмеңкеге қала әкімі Қуандық Іспергенов те қатысып, әр кәсіпкермен жеке сөйлесіп, ұйымдастырушыларға алғыс хаттарын табыс етті. Ал демеушілер бұл шараны қуана қолдағандарын айтады.
– Біздің қор KMF-пен бірге 25 жылдан бері кәсіпкерлерге қолжетімді қаржыландыруды ұсынып қана қоймай, оның ішінде ауылдық жерлерде қолдау көрсетіп, қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша жобаларды жүзеге асырып, кәсіпкер әйелдердің бизнесін демеп келеді. Сондай-ақ, жергілікті жерлердегі қызмет көрсету мен тауар өндірушілерді қолдау біздің басты назарымызда. Сондықтан біз Рудный қаласының үздік кәсіпкерлеріне өздерін танытуға, жаңа байланыстар орнатып, клиенттік аудиторияны кеңейтуге мүмкіндік беретін шоу-жәрмеңкені ұйымдастыру бастамасын қуана қолдадық, – дейді «KMF-Демеу» корпоративтік қорының бас директоры Әсел Шегебаева.
Жәрмеңкеге қатысқан кәсіпкерлердің бірі Розалия Панченконың айтуынша, ол осыдан бір-екі ай бұрын жалдамалы жұмысшы болған. Алайда ол кәсіпкер болуға шешім қабылдап, KMF-тен 200 000 теңге микрокредит рәсімдеп, ол қаржыға тәтті мақта жасайтын жабдық сатып алыпты. Кәсіпкер үшін бұл жәрмеңке дебют болғанымен, көп ұзамай шараға келген ересектер мен балалар ұзын сонар кезекке тұрып, өз тәттілерін күтті.
– Менің бизнесім маусымдық емес, күн суықта сауда орталықтарының ішінде, мамырдан бастап саябақтарда табыс таба аламын. Сұраныс көп, қазір тәтті мақтадан ойыншық жасауды үйреніп жүрмін. Сондықтан бүгінгі сәтті қадамым үлкен бизнесімнің бастауы деп сенемін, – дейді Розалия Панченко.
Жәрмеңкеге алғаш қатысқан кәсіпкерлер үлкен үміт арқалап, ризашылықтарын білдіріп жатты, ал шара соңында әділ қазылар жеңімпаздарды анықтап, сыйлықтар табыс етілді.
Өз тілшімізден
Рудный қаласы