Әр істің артында бір отбасының тағдыры тұр

Қостанай қаласында «Отбасы. Help» фронт-кеңесінің бар екенін біреу білсе, біреу білмейді. Ашылғаннан бері мұндағылар әрбір отбасыны сақ­тап қалуға, ерлі-зайыптыларды тату­лас­тырып, жарастырып жіберуге күш салуда. Идея авторы – ҚР Құрметті заңгері Несібелі Бәсенова ажырасудың астарында түрлі мәселенің барын айтады.
           
            Бір отбасы да ажыраспаса екен
Орталық былтырғы ақпан айынан өз жұмысын бастады. Бір жылдығына орай өткізілген ашық есік күні 5-6 жұп келіп, ақыл-кеңес алды. Арасында алимент ала алмай, балаларын екі жақта бөлісе алмай жүргендер де бар. Бірақ олардың ешқайсы да сотқа шағымданбаған. Былтыр құрылған меморандум аясында фронт-кеңсенің судьясы ауысып, қазір Бақытгүл Алтынсаринамен жұмыс істеп жатыр. Бұрынғыға қарағанда өзінің отбасы болғаннан соң ба, жанашырлық танытып тұрады екен.
-Осы уақытқа дейін Қостанай қалалық соты біздің жобаға қатысқанын белгілемейді екен, енді белгілейтін болды. Біздің де, өздерінің қосқан үлестері де бар. Арасында арыздарын қайтарып алғандар да бар. Өткен аптада қайта қосылған екі отбасының екеуі де жастар. Бірінші отбасының екі баласы бар. Екеуінің де екінші некесі. Олардың проблемасы былай қарасаң, жоқшылықтан туындап отырған жоқ. Бастарында баспана, астыларында көлігі бар. Жұмыстары бар. Әйелі әзірге бала күтімімен үйде отыр. Ол да жоғары білімді. Өзінің бизнес ашамын деген ой, мақсаты бар екен. Арасындағы келіспеушілік түсініксіз. Көбіне келіншек енесімен келіспейді. Күйеуі «менің әйелім толық емес отбасында өскен, сондықтан әке тәрбиесін білмейді, ер адамды онша сыйлағысы келмейді» деген сылтау айтады. Екеуін алып қалып, екі бөлек сөйлестім. Келесі күні арызымызды қайтарып алайық деп хабарласып тұр. Сосын судьяға хабарласып, формасын толтырып, іс қысқартылды. Сөйтіп, бір шаңырақты шайқалудан сақтап қалдық. Олар біздің жобаға әлі де келгісі келетіндерін айтады, – дейді Несібелі Зариванқызы.
 
Отбасылық психолог тапшы
Қазір бұл фронт-кеңсеге түрлі отбасылар келеді. Мәселелері де, бір-біріне тағатын кінәсі де әртүрлі. Кейбірінікі тіпті түкке тұрғысыз.
-Ер адамдардың ең жаман қасиеті ашуланғанда жаман сөз айтады. Сол нәзік жандылардың көкірегіне жабысып қалады. Татуласқаннан кейін әйел адам біразға дейін жіби алмайды. Қаншама жанұя алдыма келді. Барлығында жағдай сондай.  Көп жағдайда әйел адамға да байланысты. Ер адамға киімі таза, тамағы дайын, төсегі таза болса, оған басқа ештеңенің керек жоқ. Тұрмыстық жағдай өзінің күйбің тірлігімен адамды кейде мезі етеді ғой. Анда-санда бір-біріне көңіл бөліп тұрғаны дұрыс, – дейді маман.
Былтыр 90 жұптың отыз пайызы қайта табысқан. Қалғандары қосылмаса да, алименттік істерді алып кетіпті.
– Тағы бір мәселе, Қостанай қаласында отбасылық психолог өте аз. Дер кезінде кеңес алуға кесте толық. Кейде психолог орнын өзіміз толтырып жатамыз. Себебі, өмірлік те, жұмыс тәжірибем жеткілікті. Шынын айтқанда, бір жұмыс қорғауға да болады, – дейді Несібелі Бәсенова.  
Жалпы, әр ажырасудың артында бір отбасының тағдыры тұр деген сөз. Ол іс сот орындаушыларының алдына келеді. Іс балалары өсіп, кәмелетке толғанша қаралады.
– Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша мамырдың ортасында дөңгелек үстел ұйымдастыру жоспарланған. Әлеуметтік жоба болғандықтан, мемлекеттен ешқандай қаржылай көмек алып отырған жоқ. Бұл басқосуда қандай алдын алу шараларын қолдануға болады деген мәселелерді көтерілетін болады. Психологтар ақша төленбеген соң, қатты қызығушылық танытпайды. Егер әр жұп сайын ақша бөлініп отырса, олар да өз тарапынан белсенділік танытар еді. Жалпы, Қостанай облысы солтүстік аймақтар арасында ажырасудан көш басында тұр. Қостанай қаласында бір жылдың ішінде 1700-1800 шаңырақ шайқалады. Жоба басталғаннан бері ажырасуға жол бермеуге, қалайда отбасын сақтап қалуға тырысудамыз. Біз қалалық АХАТ бөлімімен де бірлесіп жұмыс жасаудамыз, – дейді фронт-кеңсе жетекшісі.
 
            Жауапкершілікпен қараса…
            Орталық былтыр отбасын құрғалы жүрген жастарды жинапты. Бұл үрдісті биыл да жалғастырамыз деп отыр. Мәселен, өткен жылы он төрт жұптың сегізі ғана келген. Нотариалды палатаның өкілін, сот, отбасылық психологты, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен айналысып жүрген мамандарды, имамды шақырып, отбасы жауапкершілігі, неке шарты туралы ақыл-кеңес беріпті.
            -Негізі бізге заңға өзгеріс енгізу керек ғой. Некеге тұрған кезде азаматтық актіге қол қойылады. Ол мемлекеттік акт болып есептеледі. Оны тек сот ғана бұза алады. Сондықтан ажырасуға сотқа беріп жатады. Мешітке де барып неке қидырып жатамыз, бірақ оны бұзбаймыз. Егер ажырасқаннан соң, оны да барып бұзу керек. Алланың алдына осы адамды аламын, оны бағып-қағамын деп сөз беріп отырған жоқ па? АХАТ бөлімінде бұзады да, мешітте бұзбайды. Сол үшін өз ойым, бұл бұзушылық деп есептеймін. Жауапкершіліктен қашпау керек, – дейді Несібелі ханым.
            Неке шарты дегеніміз не? Үйленгеннен кейін ажырасқан кезде көп отбасылар мүлікті бөлісе алмай жатады. Туыстары да, өздері де қырық пышақ болады. Сол үшін неке шартына отырғанда нотариалды келісім жасалады екен. Былтыр Қостанай қаласында 9 отбасы неке шартын жасасыпты. Бұл да осы жобаның нәтижесі.
            Қазіргі кезде жастар үйлену тойын жасау үшін қомақты несие алады. Ажырасқаннан кейін у-шу басталады. Орталыққа жүгінетін отбасылар – 5-6 жыл бұрын үйленгендер. Оларға мұндағылар көбіне оның кейінгі зардабын түсіндіруге тырысады.
           
Жоба шетелдікі болса да…
Канада елінде осындай жоба бар. Несібелі Зариванқызының отбасы терапиясының негізі осыдан алынды. Шетелде жанұяны жайдан-жай ажырастыра салмайды. Егер сотқа шағымданса, жарты жылдық отбасы терапиясынан өтіп барып, шешім қабылдайды екен. Тәжірибелі маман берері көп істің болашағы зор екенін айтады:
– Жалпы, біздің жоба осында келіп жатқан жұптарға ұнайды. Неге бұрын болмады деп сұрап жатады. Мәселен, былтыр жобамызға бір жұп келді. Он жыл бұрын ажырасқан екен. Баласы 16-ға толып, Москваға оқуға түскісі келеді. Бала шеше мен әкенің ортасында жүр. Әкесі алимент те, қосымша оқуға ақшасын да төлейді. Күйеуі келді қасында қорғаушысы бар, әйелі келді қорғаушысымен. Қырық минут сөйлестік, арасында шартпа-шұрт ұрыс та болды. Бірақ екеуі ортақ шешімге келді. Есіктен шығып бара жатып, екеуі де «осыдан он жыл бұрын қайда болдыңыз, осындай жоба бар екенін білгенімізде, біз ажыраспайтын едік» деп жатыр.
 
2007 жыл Қостанайда бас-аяғы алимент жөнінде 10 мың ғана іс болатын. Ал, қазір он алты мың іс қаралады. Жыл сайын 500-600 азаматтық іс үсті-үстіне қосылып жатыр деген сөз.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓