Қыздардан 4 млн теңге олжалаған
Тобыл қаласының 29 жастағы тұрғыны аңғал "жемтіктерінен" төрт миллион теңгеге жуық пайда тапқан. Алаяқты Қостанай ауданының полицейлері облыстық ПД криминалдық полиция басқармасымен бірге қолға түсірді. Ол осы уақытқа дейін аймақтың төрт тұрғынын қақпанына түсіріп үлгерген.
"Алаяқ мына схема бойынша әрекет еткен: қыздармен әлеуметтік желі арқылы әртүрлі есіммен танысып, диалог барысында олардың сеніміне кірген. Жеке өмірі туралы сыр шерте отырып, ол жылжымайтын мүлікті сату-сатып алумен айналысатынын айтады. Қарым-қатынас барысында жігіт облыс орталығында нарықтық құннан төмен бағамен сатып алу үшін пәтер ұсына бастайды. Кейін "Ватсап" мессенджері арқылы таныстарына "келісімді" пәтердің фотосуреттерін жіберген, – деп хабарлады Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.
Осыдан соң қыздар арзан баспана сатып алуға келісім берген. Содан кейін алаяқ алдын ала сатып алған әр түрлі абоненттік нөмірлерге бастапқы жарнаны төлеуді сұрапты. Әрі қарай, ол келесі кездесу жөнінде келісім жасасып, "құрбандарына" өзімен бірге алдын ала төлем жасау үшін құжаттар мен қажетті сомамен келу қажеттігін ескерткен. Осыдан кейін ер адам ізім-қайым жоғалып, телефонын өшіріп тастайтын болыпты.
Тобылдың бір тұрғыны алаяққа 1,5 миллион, екіншісі 1 миллион теңге аударып жіберен. Жалпы алғанда, күдікті 3,7 млн теңге олжалаған. Ол жедел іздестіру шаралары аясында қолға түсіп, қамауға алынды.
Полиция хабарлағандай, қазір облыста "Контрафакт" жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр. Ол ақпараттық технологияларды пайдалана отырып, құқық бұзушылықтар жасайтын қылмыскерлерге қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған. Жедел алдын алу шарасы 27 сәуірге дейін жалғасады.