Басты тілек – біріге жұмыс істеу

Алтын дала Жамбыл ауылдық округіне қарайды, 600 сайлаушысы бар. Мұндағы сайлау комиссиясының төрағасы Әсем Бесжанованың айтуынша, тұрғындардың науқанға қатысу көрсеткіші жоғары. Түскі сағат 12-ге дейін сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс беріп үлгерген.
«Ауылдың ең үлкен 86 жастағы қариясы денсаулығына байланысты учаскеге бара алмаймын деп арызын жазды. Барлығы 7 адам үйінен дауыс береді. Ал бірінші таңдау жасаушылар саны – 8. Жалпы, жерлестерім сайлауға белсенді қатысып жатыр», – дейді комиссия төрағасы.
Учаскеге ерте келгендердің бірі – Мәншүк Нұрмұхамбетова. Ол ауылдастырының қай саяси науқанға да белсене қатысып жүргенін айтады.

Бұл пікірге ауыл тұрғыны Өмірзақ Әбдіғалиев те толықтай қосылады.
«Мұнда Жанкелдин ауданын көшіп келгеніме 10 жыл болды. Ауылымызға барлық жағдай жасалған. Су да, газ да бар. Интернет те жақсы жұмыс істеп тұр. Ендігі әкім ауылға бір амбулатория салып берсе», – деп ол ұсынысын да айта кетті.

«Абаттандыру, қоғамдық тәртіп, жұмыспен қамту мәселелері қамтылған. Ұсынған бағдарламасы көңілімнен шыққан азаматқа дауыс бердім», – дейді ауыл тұрғыны.
Меценат, ауыл жанашыры Сағындық Есментаев жаңа сайланған әкім жаңашыл әрі халыққа жақын болуы керек деп санайды.
«Біз, кәсіпкерлер тіл табысып жұмыс істеуге әзірміз. «Келісіп пішкен тон келте болмас», «Ынтымақшыл елден ырыс қашпайды» деген дана сөздер бар. Жақсы бастамалары болса, халық өзі сайлаған әкімді қолдайды», – дейді кәсіпкер.
Жамбыл ауылдық округінің әкімі болуға 4 төрт үміткер бақ сынады. Олар: «Amanat» партиясы ұсынған Жанай Алтынсарин (1976 ж. т., Әулиекөл ауданының тұрғыны), Абылай Закиров (1992 ж. т., Қостанай ауданы, Айсары ауылында тұрады), Евгений Таран (1982 ж. т., Қостанай ауданы, Заречный ауылының тұрғыны) және Абылай Доскеев (1975 ж. т., Қостанай қаласынан) – үшеуі де өзін-өзі ұсынған.

Октябрь ауылдық округінде үш кандидат тіркелген. Олар: Азамат Әбілов (1987 ж. т. Тобыл қаласында тұрады), Индира Нұрғабылова (1982 ж. т. Октябрь ауылында тұрады) және СветланаЧерепанова (1991 ж. т. Садчиков ауылында тұрады).
Сайлау қорытындысы бойынша аталған округтің әкімдігінде бас маман болып жұмыс істейтін Индира Нұрғабылова басым дауыспен жеңіске жетті. А.Әбілов 284, С.Черепанова 111 дауыс жинаған. Жеңімпазға 1565 тұрғын жақтап дауыс беріпті. Ол лауазымға өзін-өзі ұсынған.