Людмила Олкинян: «Өндіріс саласында өзімді таптым»
Әйел – ана. Әйел – басшы. Әйел – кәсіпкер. Тізе берсең, тізім көп. Бірақ бүгінгі қоғамда «ер адамдар ғана атқара алатын жұмыс» деген түсінікті түбегейлі жоққа шығарып, олармен тең дәрежеде, соның ішінде бір қадам алда еңбек етіп жүрген нәзік жандылар саусақпен санарлық. Және ондай кейіпкерлеріміз арамызда баршылық. Қызмет орны – өндірістік, соның ішінде машина жасау саласы. «Allur» компаниялар тобы» акционерлік қоғамы Allur University басшысы Людмила Олкинянмен әңгіме барысында өмірі мен қызметіне үңіле отырып, қызыға қарайды екенсің.
«Өндіріске келсем де, бәрібір педагогпін»
-Людмила Юрьевна, қазіргі уақытта тек біздің облыста барлық деңгейдегі мәслихаттардың 267 депутатының 40%-ы (102 адам) әйелдер. Бес мыңнан астам мемлекеттік қызметшілердің 60%-ы әйел заты. 150-ден астам нәзік жанды жергілікті атқарушы органдарда басшылық лауазымдарда қызмет атқарады. Бірақ әйелдер арасында өндірістік салада, соның ішінде машина жасау орындарында еңбек ететіндер сирек. Сіздің бұл салаға келуіңізге не себеп болды?
-Өзім Рудный қаласының тумасымын. А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетте тарих және қоғамтану мамандығы бойынша білім алдым. Мамандығым бойынша педагогпін. Кәсіби жолым мектептен басталды. Қостанайдағы №2 мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлығынан кейін мемлекеттік қызметке ауыстым. Облыстық ішкі саясат (қазіргі қоғамдық даму) басқармасында жастар саясаты бағыты бойынша он жыл жұмыс істедім. Бағытым – үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс болды. Жастар көп, үлкен тәжірибе жинақтадым. Сол уақытта студенттердің жастар кеңесін басқарған, қалалық әкімдікте жұмыс істеп жүріп, кейін машина жасау өндірісіне ауысқан Динара Шүкіжанова екеуіміз жұмысшы жастардың форумын өткізген кезде, «Агромаш Холдинг» компаниясын бірінші рет көрдім. Ғимаратының тозығы шыққан, алғашқы қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатты. Сол форумнан кейін Динара мені осында жұмысқа шақырды. Бастапқыда оқыту жөніндегі маман болдым. Өндіріске келсем де, бәрібір мен педагог болып қала беремін. Бұдан былай біздің ірі компаниямыз «AIIur» болды да, біздің сала үлкен корпоративтік университетке айналды. Қазір осы университетіміздің ауқымын салалық тұрғыдан барлық машина жасау өндірістері бойынша республика көлемінде кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осылайша өндіріс педагогі ретінде жаңа эксперимент алаңына келдім деп есептеймін. Өмірім былай өзгереді деп ойлаған жоқпын. Ересек адамдарды оқытасың, бұл өте қызық. Осы жерде өзімді таптым деп есептеймін. Бұл андрагогика деп аталады.
Көбі менің зауытқа келгеніме таңданып жатады. Бұл біріншіден, мемлекеттік қызметтегі жинаған тәжірибемнің арқасы. Небір тамаша азаматтармен қызметтес болдым. Тұтас бір өмір мектебінен өткендей болдым. Ал осы жерге келгенде облысқа, республикаға танылып қалған мемлекеттік қызметшімін. Бизнес саласына келіп тұрған соң, барлығын басынан бастау керек болды
-Бұл қызметіңізде міндетіңізге не кіреді?
-Басқарма төрағасы Андрей Лавреньтев пен зауыт директоры Сырым Семейбаев бүгінгідей жұмыс істеп отыруыма үлкен мүмкіндік берді. Өзім жұмысшыларға бизнес жағынан дәріс бермесем де, кәсіби және менеджмент тәжірибесін алуға оқытамыз. Басқармашылық компентенцияны дамыту, жұмыста белсенді болуға даярлаймыз. Дуалды оқыту бойынша жұмыстар менің мойнымда. Бұған дейін де оқу орындарының басшыларымен таныс болғандығымның арқасында дуалды оқыту мәселесінде ешқандай қиындық болған жоқ. Академик З.Алдамжар атындағы университет біздегі мамандықтарға қатысы бар алғаш болып кафедра ашты. ҚӨУ-мен бірге 53 қызметкерімізді оқыттық. Оған грант бөлінді. ҚИНЭУ-мен үлкен жоба жасадық. Техникалық бағыттағы колледждермен тығыз байланыстамыз. Автоөндіріс жұмысын қарқынды бастады. Бірақ біздің өңірде техникалық, соның ішінде машина жасау саласын оқытатын жоғарғы мамандықтар болған жоқ. Сол себепті осы функцияны өз мойнымызға алып отырмыз. Теория мен практиканы қатар ала жүріп, шетелдерге біраз іссапарларға шықтық. Көлік жасаудан тәжірибесі бар шетелдерден тәжірибе жинақтадық. Бұдан былай біздің корпуниверситет «AIIur» Академиясы» болып аталуы мүмкін. Біздің тағы бір мақсатымыз – оқу орны ғана емес, бизнестің де жауапкершілігін енгізу болып табылады. Яғни, оқу бітірген маман үшін білім ордасы ғана емес бизнесте жауапты болуға ғана емес, инфрақұрылымдық жағдай жасау керек. Себебі, қазіргі кезде қоғамда бесаспап маман шығармайды деген түсінік қалыптасқан. Дуалды оқытудың қажеттілігі де осында. Басқарушыларды даярлаймыз, өйткені қазір ондай даярлау орындары жоқ. Мәселен, бізде екі мың адам жұмыс істесе, оларға жауапты басшылар да көп. Ал адамдарды басқару оңай дүние емес.
«Бизнес ақша табудың көзі ғана болмауы керек»
-Қазірдің өзінде Қостанай аймағын республика бойынша «көлік жасау орталығы» деп атап жатамыз. Өзіңіз еңбек ететін өндіріс орнының болашағы жайында ойыңызды білсек?
– 2015 жылдан бастап ұсақ тораптар құрастыру, құрал-жабдықтары орнатылып, замануи тұрғыда робот жұмыс істейтін болды. Әріге бармай-ақ он жыл бұрын зауыттың қандай күйде болғаны көз алдыңызда шығар. Ал қазіргі қарқын алып келе жатқанымызды цехтарды түгел аралап шыққан адам жақсы түсінеді. Компаниямыздың дамуына жұмысшылар біліктілігінің және ішкі мәдениетінің өсуі өте зор әсер етеді. Қазіргі таңда компания тарапынан инженер технологтарды даярлау зор міндетіміз болып саналады. Компаниялар тобы өзінің жоғары инженериялық мектебін құруды жоспарлап отыр. Мен технолог-инженер болмасам да, келешекте біздің мамандарымыз қазақстандық бренд ойлап табатынына сенімім зор. Тағы бір мәселе, кез келген кәсіпорын адамдардың талап-тілегіне де жіті көңіл бөлу керек. Айталық, ертең қоғам тарапынан экологиялық таза көлік қажет болады. Соның ішінде велосипед, самокат, экомашина деп жатса, біздің зауыт соны өндіріп шығаруға дайын болуы керек. Перспектива деген осы. Мен өзім қызмет ететін кәсіпорнының болашағынан зор үміт күтемін.
– Сөздеріңізге қарап отырсам, оқудың әлі кеш емес екенін әрі біліміңді үнемі дамытып отыру қажеттігін, сондай-ақ, сол алған біліміңді пайдалы жерде тиімді іске жұмсау керек деген ой түйіп отырмын.
– Рас, өзім Қазақстанда бұрын болмаған машина жасау саласына келгенімді мақтан етемін. Қазіргі кезде психологтарды даярлайтын оқу орындарына корпорация психологын оқытса деген ұсынысым бар. Бұл қазір өте қажет мамандық. Магистранттарды оқыттық, «Еңбек» бағдарламасы бойынша оқытып жатырмыз. Менің бір түсінгенім бизнес ақша табудың көзі ғана болмауы керек, ол өз саласында тәжірибесін адамдарға беріп отыру керек.
Бүгінгінің басты тренді – адам өзінің ішкі әлемін табу және саналы өмірінде өзіне қажетті барлық мүмкіндіктерді молынан пайдалана білу. Біз мектеп, колледж, университет бітірген соң әрі қарай оқудың керегі жоқ деп ойлаймыз. Бұл қате. Ондай адамдар қоғамда мешеу болып қалады. Егер адамда өзін дамытуға деген құлшынысы болмаса, барлығынан қалыс қалып қоясың. Оқи беру ешуақытта кеш емес. Біздің зауытты алып қарайық. Мұнда корпуниверситет, кәсіби даярлау орталығы, бизнес мектеп, корпоративті кітапхана бар. Осы салаларды пайдалана отырып, сатылап өсуге мүмкіндік бар. Және тағы бір айтарым, білім мен инновацияны ұштастыра білген маман бизнестің тек табыс табу көзі емес, тарих, рухани өмірмен етене байланысты сала екенін жақсы түсінетін болады. Қай жерде жүрсең де, ең алдымен адамдардың дамуы саласында жұмыс істеуің керек.
«Менің отбасым – менің қуатты тынысым»
-Сіз Қостанай қаласындағы көшбасшы әйелдер клубының мүшесісіз. Өз тарапыңыздан қандай ұсыныс көтеріп жүрсіз?
-Отбасымнан кейін мен қоғамдық жұмыстарға араласқым келіп тұрады. Қоғамға пайдалы бірдеңе істегім келеді. Ондағы қыздарды жақсы білемін. Гүлвира Құдайқұлова, Гүлмира Қапеновалармен бір жағы қызметтес де болдым. Қыз-келіншектермен жиі бас қосып тұрамыз. Олар да осында жиі кеп тұрады. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді шешуге ойымызды жеткіземіз, қайырымдылық шараларына атсалысуға шамамыз келгенше үлесімізді қосқымыз келеді. Қаңтар айында дүрбелең басталғанда күн-түні күзетте тұрған тәртіп сақшыларына бір топ қыз жиналып, ана ретінде ыстық тағамдар пісіріп апарып бердік. Өз басым әйел затына көбірек қолдау керек деп есептеймін.
Жалпы, қызметте болайын, қоғамдық жұмыстарға араласып жүрейін, ең әуелі маған үнемі қолдау жасайтын – өз отбасым. Ата-анама, қызыма алғысым шексіз. Олар да менің үйден гөрі түзде көп жүретінімді жақсы түсінеді. Әкенің қаны, ананың сүті деген бар, олардан дарыған мейірімділік, ой-сана, еркіндік, адалдықты биік ұстауға тырысамын. Менің отбасым – менің қуатты тынысым.
– Сіздің бойыңыздан Отанға деген сүйіспеншілікті, патриоттықты байқадық. Ол жайында әлеуметтік желіде де жариялап жүресіз.
– Еліміздің әр тұрғыны «Мен – Қазақстан азаматымын!», «Қазақстанды шексіз сүйемін», «Мен елімнің патриотымын!» деп еш қысылмай айта алатындай болу керек. Және өзі де туған Отанын шексіз құрметтесе екен. Мен осы сөздерді айтудан жалықпаймын. Бұл менің шынайы сезімім. Мысалы, осында туып, тарихи отанына кеткен азаматтардың қанында қазақ деген түйсіктің бүлік ететіні ақиқат. Біз интернеттен шет мемлекеттерге кеткен бұрынғы жерлестеріміздің қазақ әндерін тыңдап, салт-дәстүрін насихаттап жүргенін жиі естіп, көріп-біліп жүрміз. Демек, олардың туған жеріне деген сағынышы бар. Ортақ тарихымызды, құндылығымызды сақтай білуіміз керек. Және оны кейінгі буынға үнемі дәріптей беруіміз қажет. Кезінде жер аударылып келген көптеген өзге ұлттар қазақ халқының мейірмандығы болмағанда, тірі қалу-қалмауы екіталай еді.
Өзім Санкт-Петербор қаласына барғанды ұнатамын. Бірақ елге қайтып келе жатып, шекарадан өткен бетте өзіміздің аспанымыздың сондай шуақ шашып тұрғанын көресің.
Айтпақшы, қызмет бабында біздің кураторымыз Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалимен бірге Карлагта болдық. Қоғамдық даму басқармасымен киелі орындарға саяхат жобасын қолға алдық. Сонда байқағаным, жастарымыз мұндай сакралды орындарға баруға өздері ниетті болғаны. Қазір патриоттық, адамгершілік тәрбие бағыт бойынша жоба әзірледік. Ешкімді зорламай-ақ бұған өздері келіп жатыр. Міне, бұл сөзбен емес, іспен жүзеге асып жатқан дүниелер.
-Ағынан жарыла айтқан әңгімеңіз үшін рақмет!
Сұқбаттасқан Шұға ҚОҢҚАБАЙ.
Блиц-сауал:
– Демалыс уақытыңызды қайда өткізгенді ұнатасыз?
– Санкт-Петерборда. Жыл сайын Балтық және Фин шығанақтарына барамын. Ол жаққа шексіз тылсым күш тартып тұрады. Және теңіздерге барғанды жақсы көремін. Ал жылда Науырзым қорығына барып, қуат алып тұрамын.
– Өзіңізге қандай заттар сатып алғанды ұнатасыз?
– Мен эстетпін. Киімдегі стильді заттар, интерьер заттары. Қазақстандық дизайнерлердің, соның ішінде Алматыдағы Фрида Саган брендін жақсы көремін. Кофе мен кітаптарға құмармын.
– Сүйікті жануарыңыз?
– Барлық жан-жануарды бөліп-жармай жақсы көремін. Кокос есімді лабрадор тұқымды итім бар, ол менің бар қуанышым, періштем.