Лисаковта екі зауыт салынады
Лисаков қаласында екі ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Бұл туралы орталық коммуникациялар брифингінде өткен баспасөз мәслихатында Лисаков қаласының әкімі Алмат Исмағұлов айтты.
-Бұл – әктасты өңдеу зауыты және карбид кремниий өндірісі цехы. Жобаға шамамен 12 млрд теңге инвестиция тартылды. 180 жаңа жұмыс орыны ашылмақ. Кеншілер қаласында тұрғын үй құрылысы мен инженерлік желілерді жаңғырту жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр, – дейді Алмат Исмағұлов.
Қаланың жалпы хал-ахуалы баяндаған брифингте шаһар басшысы өнеркәсіп өндірісін әртараптандыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Лисаков қаласында екі ірі кәсіпорын бой көтермек. «Шаймерден» акционерлік қоғамы әктасты күйдіру бойынша зауыт құрылысын бастамақ. Өндірістік қуаты 150 мың тонна болмақ.
Биыл Лисаков қаласында 9 мыңға жуық пәтер пайдалануға берілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда тоғыз есеге көп. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй елдің игілігіне берілді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі аясында бұрынғы жатахана жөнделуде. Кейін кезекте тұрғын мұқтаж жандарға арендалық баспана бойынша берілмек. Қазір кеншілер қаласында тұрғын үйге деген сұраныс аз емес. 695 отбасы кезекте тұр.
Әлеуметтік саланың да әлеуеті зор. Моноқалада спорттық ойын-сауық кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Жергілікті мәдениет үйінде жеке инвестор 97 орынға шақталған кинотеатр ашпақ. Инженерлік желілерді жөндеу бойынша тоғыз жоба әзірленді. Оның алтауы іске асырылуда. Келер жылы су құбырларын жаңарту жұмыстары басталмақ. Одан бөлек, биыл су және жылу жабдықтарын күрделі жөндеуден өткізуге қажетті қаражат бөлінді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ