Жас ұландар ант берді
Қостанай облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы 70 жас қызметкермен толықты. Жаңадан қызметке алынған сақшылар Отанымызға адал болып, халқымыз үшін аянбай еңбек етуге ант етті.
Жыл сайын өтетін салтанатты рәсімге облыстық ішкі істер министрлігінің, мамандандырылған күзет қызметі басқармасының ардагерлері, сонымен қатар ант қабылдаушы жас сақшылардың ата-аналары қатысты. Ант қабылдау рәсімі әдеттегідей салтанатты түрде өтті. Қостанай облысының мамандандырылған күзет қызметі басқармасы бастығының орынбасары Д.Жұмабеков қызмет жолы қиындықтар мен шытырмандарға толы, бірақ елін қорғап, абыройға бөленетін осындай қызмет иелеріне сәттілік тіледі. Сапқа тізілген жас ұландар Отан алдында азаматтық парызын абыроймен өтеуге серт етті. Өмірін Отанын қорғауға арнағандардың бірі – Леч Кантаев.
-Бала күнімнен ішкі істер органдарында қызмет етуді армандайтынмын. Бұл менің туған-туыстарымның да қалауы. Облыстық мамандандырылған күзет қызметінің жұмысы ауыр. Түнгі кезекшілік, оқыс оқиға орнына жедел жету. Болашақта беделді офицері болсам деймін, – дейді ант беруші полицияның кіші сержанты Л.Кантаев.
Шұға Қоңқабай