Мерейтойлар тоғысында

Биыл қазақ журналистикасының атасы Мұхамеджан Сералиннің 150 жылдығы мен қара шаңырақ – «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығы тұспа-тұс келіп тұр.
Осы атаулы мерейтойлар қарсаңында қандай іс-шаралар атқарылмақ? Бұл турасында ӨКҚ алаңында өткен брифингте басылымның бас редакторы Жанұзақ Аязбеков пен Қарабалық ауданы әкімінің орынбасары Ибрагим Бекмұхамедов айтып берді.
Мұхамеджан Сералин қазақ баспасөзінің бастауында тұрған «Айқап» журналының редакторы болды. Ол журналды жұрттан қарызға ақша алып, пай жинап жүріп шығарған. Спикерлер тұлғаның қайраткерлігін тілге тиек етіп, оның бұрынғы «Ауыл», қазіргі «Қостанай таңы» газетін ашуда да еңбегі ұшан-теңіз екенін атап өтті.
«Осы газеттің алғашқы нөмірінен бастап, 1926 жылға дейін үздіксіз шығуына тер төкті. Редактор бола жүріп, губерниялық атқару комитетінің төрағасы қызметін де атқарды. Кеңес үкіметі енді құрылған кезеңде тығырықтан жол тауып, редакция жұмысын ұйымдастырып, алға жылжыта білді. Сералиннің қазақ руханиятында алатын орны ерекше дейтініміз сондықтан», – деді Ж.Аязбеков.
Бас редактордың пікірінше, Мұхамеджан Сералиннің сәуле түспеген, әлі толық бағасын алмаған еңбектері бар. Спикер соның бәрі саралануы тиіс дегенді айтады.
Облыстық «Қостанай таңы» газетінің 100 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар жоспарланып отыр. Өңірлерде оқырмандармен, ардагерлермен жүздесулер, «Жүз жылдыққа – жүз ауыл» акциясы өткізілмек. Аталмыш акция бір жыл бойы жалғасады.
«Мақсатымыз – ауылдарға журналистік десант жіберіп, ондағы тұрмыс-тіршілікті көрсету. Тағы бір айта кетерлік іс-шара – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетте өтетін IV халықаралық ғылыми конференция. Бұған шетел ғалымдары бейнебайланыс арқылы қатысады деп отырмыз. Онда «Қостанай таңының» 100 жылдығын арқау ете отырып, «Қазақстандағы заманауи журналистика PR-дың өзекті мәселелері» деген тақырып талқыланады», – деді «Қостанай таңы» газетінің бас редакторы.
Сонымен қатар, редакция ұжымы Қостанай орталығында журналистер аллеясын ашқысы келеді. Оған 100 түп көшет егуді ойластырып отыр.
М.Сералиннің туған өңірі – Қарабалық ауданында да бірқатар жобалар жүзеге асырылмақ. Жоспарланған жұмыстар жөнінде аудан әкімінің орынбасары И.Бекмұхамедов баяндады. Оның айтуынша, мерейтойға әзірлік өткен жылы басталып кеткен.
«Былтыр М.Сералиннің туған ауылы Өрнекте абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, зираты жаңартылды. Аудан орталығындағы тұлға атымен аталатаны көше жөнделіп, стела қойылды», – деді спикер.
Арнайы жұмыс тобы құрылып, 150 жылдықты атап өту жоспары түзілген. И.Бекмұхамедов бағдарламаға 18 іс-шара енгізіліп отырғанын айтты. Оның ішінде қайраткердің өмірі мен еңбегі жинақталған кітап шығару, «Гүлхашима», «Топжарған» поэмаларын орысшаға аудару, ғылыми-практикалық конференция, сондай-ақ мәдени және спорттық іс-шаралар бар.
«Қостанай таңы» газетінде жарық көретін дәстүрлі «Жазба айтыс» жобасына биыл Қарабалық ауданы қаржылай қолдау көрсетуге ниетті. Спикер оған 600 мың теңге бөлінгенін айтты.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓