Кәсіпорындағы көңілді Наурыз тойы

Сарыкөл кентіндегі «Олжа Арыстан-ПК»  ЖШС сәуір айында тұңғыш рет Наурыз мейрамын кең көлемде атап өтті. Оған серіктестікке қарасты «Крыловское» ӨК, «Раушан-Агро» ӨК, «Златоуст» ӨК  және «Арыстан» ӨК жұмысшылары  қатысты.
Күн мен түн теңелетін, табиғат ана тамылжып, қыс бойы қар құрсауында болған тіршілік оянатын, жер мен көк жаңаратын мезгіл әз-Наурызға  қазақ ұлтымен қатар орыс, молдаван, белорус, неміс және басқа да ұлт өкілдері қатысып, бірліктерін көрсетіп, ортақ мереке екенін паш етті. Яғни, олар өздерін таныстырып, ұлттық тағамдардан дастархан жайып, наурызға қатыстықабырғаларды ұлттық нақышта безендіріп, бауырсақ жасап көрсетті. Әсіресе, қыз-келіншектер тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы ретінде басқада ұлттық дәмді тағамдарды молынан әзірлеген. Олардың арасында мейрамның ең басты дәмі – Наурыз көже де бар. Ең бастысы, қатысушылар өзге ұлт өкілдері болса да, қазақ тілінде сөйлеп, қазақтың салт-дәстүрін дріптеп, шашу шашып, қазақша би билеп, бата берді. Жалпы наурыз мейрамына деген ыстық ықыластары мен құрметтерін көрсетті.
Мереке ұйымдастырылған асхананың іші бірінен-бірі өткен безендірулермен көмкеріліп, қатысушылардың бәрі де ұлттық киім киіп, мерекенің мәнін одан сайын аша түсті.
Кеудесінде елім деп, жерім деп соққан жүрегі бар азаматтар ұйымдастырған шара  өзгеге үлгі боларлықтай деңгейде өтті. Ең бастысы, олар Наурыз мейрамы қарын тойдырумен шектеліп қоймай, рухани баюымызға, құмарта тынығуымызға септігін тигізетін мейрам екенін көрсете білді.
-Біз Наурызды өзімізше атап өткіміз келді. Сол үшін біздің өндірістік кешендер арасында шағын байқау жарияладық. Әр кәсіпорыннан 10 адамнан қатысты.
Біздің ұжымда жалпы 60 пайызы өзге ұлт өкілдері. Соған қарамастан аталған мерекеге деген құрмет анық сезілді. Жалпы, шара өте әсерлі деңгейде өтті. Әсіресе, «Арыстан» ӨК беташар қойылымы ерекше болды. Оған қатысушылар кәдімгі қарапайым жұмысшылар. Барлық  қатысушылардың аса жауапкершілікпен дайындалып, қатысқанына өте қуаныштымын, – дейді   «Олжа Арыстан-ПК» ЖШС-нің персоналды басқаруға арналған директордың орынбасары Айнұр Сәрсебаева.
Арнайы қонақтардан бекітілген қазылар алқасы қатысушылардың дайындағанберекелі дастарханынан дәм татып, өнерін тамашалап, осындай мерекені ұйымдастырушыларға дән риза болды. Олардың шешімімен барлық талапқа сай болған «Арыстан» ӨК қатысушылары үздік деп танылды.Бірақ, бұл басқа командалардың көңіл-күйіне кері әсер етпеді. Себебі, мұнда жеңілгендер болған жоқ, бәрі де бірінен бірі асып жатты. Бастысы, бірлігі жарасқан командалар бір шаңырақ астында,  берекелі дастархан басында бас қосты. 
Жалпы, осындай тамаша іс-шараны ұйымдастырушылар Ұлыстың Ұлы күнін ата-бабамыз неғұрлым жомарттықпен атап өтсең, келер жылдың шарапаты соғұрлым көп болады деген қағидасын іс жүзінде көрсете білді.
Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Марат Шымырбеков пен ауданымыздың бас имамы Асылхан қажы Түсіпбек қонақ әрі әділқазы ретінде қатысып, мерекеге қатысушыларды құттықтап, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Асылхан Мұханбетжанұлы осындай шараның өте қажет екенін алға тартып, жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
Сонымен қатар, «Олжа Арыстан-ПК» ЖШС-нің басшысы  Нұрсұлтан Тұрсынов барлық қатысушыларды айтулы мейраммен құттықтады.
– «Олжа Арыстан» ЖШС құрылғалы бері Наурыз мейрамын ауқымды деңгейде, осындай нұсқада алғаш рет тойлауымыз. Ал, енді бұны игі дәстүрге айналдырып, ауданымыздағы, қарамағымыздағы барша этностардың басын біріктірген осынау айшықты мерекені наурыздың әр соңғы сенбісінде атап өтетін боламыз, – деді ол.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Тұрарұлы биылдан бастап өндірістік кешен басшылары деген жаңа статусқа ие болған қызметкерлер– Владимир Петля, Юрий Лихтей, Иван Кудрин, Владимир Ванжа және Эдуард Юртеевке су жаңа «УАЗ Фермер» (390945) қызметтік автокөлігінің кілтін табыс етті.
Руслан ӘЛКЕЕВ,
Сарыкөл ауданы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓