Қалыпты режимге көшеді
Қазір облыстағы эпидахуал қандай? Қоғамдық орындарда бетперде тағу міндетті ме? Медицина мекемелерінде қандай вакцина түрлері бар? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде кезекті брифингте айтылды.
Қостанай облысында ауруханалардың жұмысы қалыпты режимге көшірілмек. Алдағы аптадан бастап инфекциялық төсектер саны қысқара бастайды. Бұл туралы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Анжела Бексұлтанова айтты. Оның мәліметінше, қазір өңірде мың төсек-орын бар, оның 700-і инфекциялық төсек-орын деп есептелінген.
25 наурыз күнгі дерек бойынша инфекциялық төсек-орындарда 53 адам ғана емделіп жатқаны айтылды, жүктеме – 7,6%. Ал карантинге шақталған 300 төсек-орында 32 пациент бар немесе 10,7% жүктеме.
«Аурушаңдық деңгейінің төмендеуіне байланысты, біз жоспарлы медициналық көмек көрсету үшін төсек санын қысқартуды жоспарлап отырмыз. Әрине, біртіндеп азайтамыз. Бірақ толығымен алып тастамаймыз, резерв қалады. Төсек-орындар Қостанай көпбейінді облыстық ауруханасында, сондай-ақ қалалардың ауруханаларында болады, – дейді Анжела Бексұлтанова.
Ол жұртшылық сұранысына сай Pfizer вакцинасымен басқа санаттағы адамдарды да егу туралы тоқталып өтті. Оның айтуынша, бәрін мемлекеттік бас санитар дәрігер шешеді.
«Ведомствоаралық комиссия отырысында ревакцинация жайы ғана емес, сонымен қатар халықтың басқа топтарын Pfizer вакцинасымен егу жөнінде ұсыныстар айтылды. Біз енді бас санитар дәрігердің шешімін күтеміз, онда өзгерістер енгізіледі. Жүкті және бала емізетін әйелдерге, жасөспірімдерге әлі де басымдық беріледі. Қаулыны күтеміз. Ол қашан болатынын білмейміз», – деп түйіндеді сөзін басқарма өкілі.
Спикер мәлім еткендей, өңірде қазір QazVac, Sinopharm және Pfizer вакциналары бар.
Ал журналистердің «маска тағу режимі сақтала ма?» деген сұрағына келесі спикер жауап берді.
«Медицина ұйымдарында маска тағу талабы сақталуы тиіс. Қалған жерлерде міндетті емес. Жекелеген мекемелердің ішкі тәртібіне қарай болады. Бірақ бәрі бас санитардың қаулысына байланысты», – деді Қостанай облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Юрий Севостьянов.