Тобыл төріндегі той-думан (фоторепортаж)
Бүгін Ұлыстың ұлы күні Қостанай қаласында ерекше сән-салтанатымен аталып өтті. Орталық алаңда оннан астам ақ үй тігіліп, мәдени-көпшілік іс-шаралар, ұлттық ойын түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Қолөнер көрмелері жайылып, ұлттық тағамдар әзірленіп, сауда-саттық көрігі қызды.
Соңғы екі жылда карантин талаптарына байланысты Наурыз тойы бағдарламасының басым көпшілігі онлайн режимінде өтіп келген еді. Қамсыз тіршілікке қайта бет бұра бастаған қауым осы жолы қала орталығына көптеп жиналды. Әртүрлі ұлт өкілдері бірін-бірі құттықтасып, көтеріңікі көңіл-күйде қауышты. Қаз-қатар тізілген киіз үйлерге бас сұғып, дәмнен ауыз тиіп, әртүрлі ұжым әзірлеген мерекелік тарту-таралғыны қызықтады. Облыс әкімдігі ғимараты алдындағы басты сахнадан өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламаларын тамашалады. Атап айтқанда, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның, қалалық "Мирас" мәдениет үйінің ұжымдары және қалалық балалар шығармашылығы үйі тәрбиеленушілері бірінен соң бірі ел алдына шығып, ән мен жырдан шашу шашты. "Наурыз тойым – мереке, салт-дәстүрім – береке" атты театрландырылған қойылым да жұрт назарына ұсынылды. Облыс әкімі А.Мұхамбетов киіз үйлер қалашығын аралап, этнографиялық көрмелермен танысып, әр шаңырақтың даярлығын салыстырып, оңды бағасын берді. Сити-орталықта да иін тіресіп, сеңдей соғылысқан адам. Өйткені мұнда ұлттық спорт сайыстары өтіп жатты. Қазақ күресі, аударыспақ, жілік шағу, қой көтеру, қол тірес, асық, жамбы ату бәсекесі қызды. Жарыстың барлық түріне ақшалай жүлделер тігілген. Мұнымен қоса, қыз-келіншектер арасында бауырсақ пісіру байқауы ұйымдастырылып, он шақты қазан басында хас аспаздар сынға түсті. Сондай-ақ, осы күнге дейін жарияланған үздік аула байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздары анықталды. Бір сөзбен айтқанда, көркем мейрамның көрер қызығы көп болды… Назарларыңызға Қостанайдағы той-думаннан фоторепортаж ұсынамыз.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев