Ескі де жаңа фотосурет

Алаш қайраткері Ғазымбек Бірімжаннның 1917 жылы түсірілген суреті Петровско-Разумовский атындағы ауыл шаруашылығы академиясындағы қордан табылып отыр. Сүйінші хабарды Мәскеу қаласынан Ғазымбектің туған інісі Нұрхан Қорғанбекұлының жалғыз қызынан тараған ұрпақ Лейла Нариманқызы жеткізді.
Ғазымбек Бірімжан – Торғай өңірінің тумасы, терең білімді, биік өрелі ұлтшыл азамат, мемлекеттік бағдарламамен шетелде білім алған (Германия) тұңғыш қазақтың бірі. Алаш арыстарымен мұраттас болған ірі тұлға. Білікті дәрігер, қазақ журналистикасының қалыптасуына еңбек сіңірген көсемсөзші. Шешен әрі мәмілегерлігімен танылған дипломат. "Елім" деп еңіреп өткен ерлердің бірі. Алайда күні бүгінге дейін ғалым тұлғасы лайықты деңгейде насихатталған жоқ. Соңғы жылдары ғана ғұмырнамасы архивтік құжаттармен толықтырылып, мәлім де беймәлім саяси-қайраткерлік қыры ашылып келеді. Мінекей, бұған дейін белгісіз болған суретінің табылуы да рухани олжаға айналып отыр.
Ғазымбек Қорғанбекұлы 1917 жылы Орынбор реалды училищесін бітіріп, Мәскеу қаласындағы Петровско-Разумовский атындағы университетке құжаттарын тапсырған. Бұл сурет сонда түсірілсе керек. Бірақ қайраткер тұлға сол кездегі саяси жағдайларға байланысты аталған университетте оқи алмады. Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхандармен бірге жүрген кезі еді. 1917 жылы 21 қарашада «Қазақ» газетінде «Алаш» партиясының бағдарламалық жобасы жарияланды. Бағдарламаны жазған жеті тұлғаның бірі осы Ғазымбек-тін. Бейнетқорлықпен еңбек етті, тағдыры да азапты болды. Алашордашылармен бірге тұтқындалды, жер аударылды. 1937 жылы 41 жасында ату жазасына кесілді. Аяулы арыстың артына қалдырған мұрасын түгендеу – бүгінгі ұрпақтың парызы.
«Ғазымбектану ілімі күннен-күнге дамып, жаңа деректер табылып жатыр. Мұның алдында Алматы қаласындағы Орталық мемлекеттік архивте болдық. Сол кезде 1909-1917 жылы аралығында Ғазымбектің Орынбор реалды училищесінде оқығаны туралы құжаттар таптық. Солардың арасынан 1909 жылы Ғазымбек стипендия иеленгенін білдік. Бұған қол жеткізуге ағасы, 1-2 Мемлекеттік думаның депутаты Ахмет Бірімжан себепші болған. Сол кісі бір жарым беттік өтініш жазыпты. Ал стипендияға үміткер болып, бір орынға таласқан екінші адам Ахметтің балдызы, әйелі Гүлжауһар Сейдалинаның туған інісі Сүйінгерей Сейдалин еді», – дейді Алаш арысының өмірін зерттеп жүрген жас ғалым Данияр Ихсан.
Аслан ҚАНҒОЖИН

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓