Кейкі мерген ел есінде
Биыл 1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс көсемдерінің бірі, халық батыры Кейкі Көкембайұлының өмірден өткеніне 100 жыл толады. Осыған орай Арқалық қаласындағы облыстық «Дала өлкесі тарихы» музейінде «Кейкінің көркем бейнесі» атты музей сағаты өтті.


Іс-шараны аталмыш музейдің ғылыми қызметкері, ақын, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Батырлан Сағынтаев батырдың әдебиеттегі, драматургия мен киномотографиядағы, музыкадағы және мүсін өнеріндегі бейнесі жайлы тереңнен толғап, нақты дәйектер келтіре отыра айшықтап жүргізіп, Кейкі батырдың ұрпағы «Алтын дәрігер» атағының иегері Мұхамедрахым Спандияров, еңбек ардагері, әйгілі «Құланның ажалы» романын жазған қазақтың біртуар азаматы, жерлес жазушымыз Ақан Нұрмановтың інісі Қаратай Нұрманов естеліктерімен бөлісті.

Мұнан соң, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының ректоры Сейтбек Қауанышбаев бастаған делегация батырдың кесенесіне барып, қонақтарды сол жердегі Аманкелді ауданына қарасты Тасты ауылының әкімі Еркін Қапышев пен ауыл имамы Мейрамхан Әнуарбекұлы қарсы алды. Батыр рухына арнап құран оқылып, дұға бағышталды.





«Кейкі – кешегі қиын кезде әділетсіздікке қарсы қолына қару алып ұмтылған қазақ халқындағы ерекше батыр. Батырларымызды ұлықтауда ғылыми-практикалық конференция өткізсе артық болмас еді. Тіпті, мұндай шаралар республика деңгейінде өтіп жатса еш артықшылығы жоқ. Ұлт – азаттық көтерілістің қаһармандарына ескерткіш орнату, олардың атына елді мекендерді беру, мектепті беру елдің елдігінің белгісі, бабалардың аманатын орындау, оларға жасалған құрмет болып табылады»,-дейді белгілі өлкетанушы, тарихшы Шөптібай Байділдин.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор