Екі нәресте ыстық суға күйіп қалды
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ыстық суға күйіп қалған 6 айлық нәресте Жітіқара ауданынан облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Аудандық полиция бөлімі оқиғаға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қыз баланың жағдайы ауыр күйде.
"Барлық қажетті шаралар жасалуда. Бала өкпені жасанды желдеткіш аппаратымен демалып жатыр", – делінеді хабарламада.
Нақ осындай сұмдық жағдай Қостанай ауданының Владимиров ауылында 21 мамырда болды. 8 айлық қыз баланың үстіне қайнап тұрған су құйылып кеткен.
"Қыз баланың денесінің 40%-ын күйік шалған. Дәрігерлер қолдан келген көмекті аямауда. Халі тым ауыр. Ол да өкпені жасанды желдеткіш аппаратымен демалып жатыр", – деп хабарлады басқармадағылар.