Мерейтойдың әлқиссасы
Қостанайда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойының ресми ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараға ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тіл саясаты комитетінің Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының директоры Ербол Tілешов, Алматы қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы мемориалдық музей-үйінің директоры Райхан Имаханбет, өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты жиынды аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов бастап, алыстан-жақыннан келген меймандар облыс орталығындағы Ахаң ескерткішіне гүл шоғын қоюдан бастады.
Мұнан кейін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде «Ұлт ұстазы» дөңгелек үстел отырысына жалғасты. Алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі жыл бойына өңірімізде ауқымды ғылыми-танымдық және мәдени-ағартушылық шараларды өткізу жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді:
– Ұлт ұстазына арналған айтулы шаралар өткен аптада Елордамыздан бастау алып, рухани көсемнің туған жерінде жалғасып жатыр. Жыл басында Жанкелдин ауданына жұмыс сапарыммен барып, халықпен кездесіп қайттық. Сол кездесу аясында ауыл тұрғындары жол жөндеу, интернет желісін қосу және медициналық көмек көрсету сапасын арттыру жөнінде өтініштерін жеткізген болатын. Осыған байланысты қосымша шаралар қабылдап жатырмыз. 2022 жылдың бюджетін бекіткен кезде «Шұбалаң-Қарасу» бағытындағы жолдың 11,4 шақырымын жөндеуге 450 млн теңге бөлінген болатын. Қазіргі уақытта одан әрі қарай жол салу үшін құжаттама әзірлеуге қаражат бөлінді. Құжат дайын болған бетте, жұмыстар басталады. Ол мақсатта қосымша 1,5 млрд теңге қарастырып отырмыз, бұл шамамен 21 шақырым жол төсеуге жетеді. Шалғай ауылдарды интернет желісіне қосу бойынша Цифрландыру министрлігі және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп жол картасы әзірленіп, жұмыстар пысықталуда. Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейін» жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады және экспозициясы толығымен қайта жаңартылады. Оған қоса, А.Байтұрсынұлы туған үйді қалпына келтіруге облыстық бюджет есебінен қаражат бөлінді. Оны жаңғыртып, музей үйге айналдыру жоспарланып отыр, – деді аймақ басшысы.
Мұнан кейін сөз алған Қазыбек Иса әлемде барлық елде Ұлттың ұлы тұлғаларының мемориалдық кешені ең алдымен олардың туған жерінде болады. Киелі Жидебайды облыс орталығынан тым алыста деп Ұлы Абайдың мемориалдық кешенін Өскеменнен немесе Семейден салған жоқпыз ғой. Ұлыларға тағзым ету үшін ел алысты жақындатып, Абай ауылына барады. Сол секілді Ұлттың ұлы көсемі Ахмет Байтұрсынұлының әруағына тағзым ету үшін алыстағы Ахмет ауылына баруы керек, деді.
–«Ақжол» партиясы биылғы жылды Мемлекеттік тіл жылы деп жариялауды ұсынды. Бірақ Үкімет Балалар жылы деп атады. Дегенмен ұлт үшін, қоғам үшін биыл Ахаң тойы қарсаңында Ана тілі жылы болады деп сенемін. Біздің көтерген депутаттық сауал бойынша облыс орталығындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлы есімі берілу туралы ұсыныс өз қолдауын тауып жатыр. Әуежай әкімшілігі өз келісімін берген, қазіргі күні осы мәселенің шешілуі үкіметтік деңгейде қарастылып жатыр, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты.
Жарты ғұмырын Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйіне арнаған Райхан Имаханбет «Қазақ» деп өткен Ахмет Байтұрсынұлының жасаған еңбегінің төрттен бір бөлшегінде жасай алғай отырмыз дейді.
-Артқа тәуелсіздікпен бірге отыз жылдықты тастағанымен, қоғамда тұлғаларымыздың да еңбегі еленіп жатқан жоқ. Оны ескеруіміз керек. Әсіресе, біз атқа мініп жүрген ер азаматтарымызға қараймыз. Кешегі Алаш арыстарының рухын сіздер сезінбесеңіздер, қарапайым халықтың сезінгені аздық етеді. Әсіресе, Ахметті ұшырған Ақкөлге үлкен көңіл аударуларыңызды сұраймын. Көбі елден тысқары жатыр деп ойлайды. Егер жағдайын жасаса, Ахмет туған өлкеге ел неге бармайды?,- деп ахметтанушы Ахмет атамыздың өлеңімен ойын түйіндеді.
Сөз орайында айта кетейік, университет қабырғасында өткен жиында Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясынан сайланған Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өңіріміздің тіл жанашылары ақын Ақылбек Шаяхмет пен «Қостанай таңы» газеттінің бас редакторы Жанұзақ Аязбековке «Еңбегім еліме» медалін табыс етті.
Салтанатты шара соңында белгілі ғалым, ақын Серікбай Оспановтың «Ұлт ұстазы» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Мәртебелі меймандар мен ғалымдарға «Ахмет Байтұрсынов» құрмет медалі табыс етілді.
Айтулы шараның жалғасы қаламыздың мәдени орындарында да жалғасын тапты. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде, Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде, І.Омаров атындағы қазақ драма театрында, «Достық үйінде» және Балалар шығармашылық үйінде ахметтану дәріс сабақтары өтті. Жастар сарайында Ахмет Байтұрсынұлына арналған мерейлі жылдың салтанатты ашылу рәсімі болды. Әдеби-сазды кеш өтіп, онда Ахаңның әндері, күйлері орындалып, өлеңдері оқылады, кемеңгердің өмірінен театрландырылған қойылымдар ұсынылды. «Қостанай Плаза» сауда-ойын-сауық орталығында Ахмет образымен фотосессия, мектеп оқушыларының, студенттердің қатысуымен интерактивті шаралар өтті, онда белгілі өнер иелері және көркемөнерпаздар ұжымы өнер көрсетті. Жастар арасында«Астықжан» сауда орталығы аймағында «Поиск» танымдық квест ойыны ұйымдастырылды. «Маса» Youtube-жобасының тұсауы кесілді.
Мерейтой аясында «Байтұрсынұлы оқулары-2022», халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, «Ахаң жүрген жолмен» ғылыми экспедициясы, қайраткердің мұрасын зерттеуге арналған «Ахмет әлемі» интерактивті порталы, облыстық театр сахналарында тақырыптық қойылымдар жоспарланған. Ерекше атап өтетін жайт, келесі оқу жылы облыс үшін маңызды мамандықтар бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гранттар жергілікті бюджет есебінен тағайындалады. Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған негізгі іс-шараларды өзінің туған күні аясында, яғни 5 қыркүйек шамасында өткізу жоспарланған. Оған қоса, облыс орталығында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған ауқымды шаралар, «Тіл-қазына» фестивалі өтеді. Сондай-ақ, тарихи тұлғаның туған жері Жанкелдин ауданында бірқатар көлемді мерейтойлық шаралар, атап айтқанда әдеби музейдің жөндеуден кейінгі тұсаукесері, ғылыми тәжірибелік конференция, ақындар айтысы, оқушылар арасында «Ахмет оқулары» байқауы, ат спортынан жарыстар өткізу көзделген.
Айта кету керек, ақжолтай жаңалық, ұлт жанашырларының бастамасымен Ахаң атындағы өңірілік университет «ов» жалғауынан арылып, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы оқу ордасы болып аталатын болды.
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.