Тіркеу басталды

19 ақпаннан бастап ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасына қатысушыларды тіркеу басталды. Аяқталу мерзімі – 20 наурыз. Олимпиадаға1000bala.elbasyacademy.kz сайтында тіркелу арқылы қатысуға болады. Білім додасына еліміздегі ауыл мектептерінде соңғы екі жыл бойы білім алып жатқан 5 және 6-сынып оқушылары қатыса алады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша «Мың бала» олимпиадасының форматы екі кезеңнен тұрады, бірінші кезең 4 сәуірде басталады. Бұл кезеңде қатысушылар логикалық және кеңістіктік ойлауды бағалауға бағытталған тапсырмаларды орындайды. Тестілеу онлайн-форматта өтеді. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың екінші кезеңіне жолдама алады.
Екінші кезең өңірлік орталықтардың аумағында күндізгі нысанда өтеді. Онда қатысушылар математикалық сауаттылық, қазақ тілі (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), орыс тілі (оқыту орыс тілінде жүргізілетін оқушылар үшін), ағылшын тілі және жаратылыстану пәндері бойынша білімді бағалауға бағытталған компьютерлік тестілеуден өтеді.
«Елбасы Академиясы» қоғамдық қорының директоры Асланбек Амрин айтқандай, «Мың бала» олимпиадасының мақсаты ауылдық жерлердегі оқушылардың қабілетін дамыту үшін тең жағдай жасау.
 -Екі жыл ішінде Олимпиадаға 445 мыңнан астам оқушы қатысты. 638 жеңімпаз еліміздің үздік мектептерінде білім алып жатыр. Алты мыңнан астам финалист онлайн-мектепте оқиды. Биыл олимпиада үлкен маңызға ие. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осының арқасында біздің жобамыз одан әрі даму  үшін үлкен серпін алады деп үміттенеміз, – дейді Асланбек Амрин.
Айта кетерлігі, «Мың бала» олимпиадасы жыл сайын ауыл мектептерінде білім алатын 5 және 6-сынып оқушылары арасынан 1000 дарынды баланы анықтауға және оларға еліміздің ең үздік білім ошақтарында оқуға мүмкіндік беруге бағытталған. Ал, Олимпиаданың бес мың финалисті Елбасы Академиясының Вirgeoqý онлайн-мектебінде тегін оқи алады. Олимпиаданы «Елбасы Академиясы» қоғамдық қоры Нұрсұлтан Назарбаев қорының қолдауымен ҚР Білім және ғылым министрлігімен серіктесіп өткізеді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓